Тоқаев Presight.AI компаниясының басқарма төрағасын қабылдады

Жаршы

Мемлекет басшысы Presight.AI компаниясының басқарма төрағасы Томас Прамотедхамды қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Кездесу барысында Қазақстанда өнімділігі жоғары есептеу, цифрлық трансформация және озық технологияларды енгізу бағытындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері қарастырылды.

Президент цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызын атап өтіп, елімізде суперкомпьютер кластерінің негізін қалау стратегиялық мәнге ие екеніне тоқталды.

Томас Прамотедхам Қасым-Жомарт Тоқаевқа аталған жобаның жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді.

Технологияны локализациялау және қазақстандық компанияларды бірлескен жобаларға тарту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Presight.AI басқарма төрағасы отандық IT-компаниялардың біліктілік деңгейін жоғары бағалады және олармен ұзақмерзімді серіктестік құруға қатысты ниетін растады.

Сонымен қатар Астана әкімдігімен бірлесе атқарылатын Smart City жобасы талқыланды. Мемлекет басшысы қала инфрақұрылымын басқару ісіне жасанды интеллект шешімдерін пайдалануға қолдау білдірді. Атап айтқанда, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығының базасында қала қызметтерінің тиімділігін арттыратын ахуал орталығы құрылмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрлық трансформациясына және технологиялық өрлеуіне септігін тигізетін негізгі бастамалар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыру маңызды екенін айтты.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз