Қазір шамалы уақыттан соң Щучискіде Ұлттық құрылтайдың секция отырыстары басталады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2022 жылдың маусымында алғаш рет жиналған құрылтай мүшелері биыл төртінші рет бас қосады.
Былтыр Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген бастамалардың нәтижесінде 10 заң жобасы ұсынылып, 9 заң қабылданды. Бұл бастамалар елдің әлеуметтік, құқықтық және мәдени дамуын қамтиды. Қазақстанның Ұлттық құрылтайы қоғамдық бастамаларды талқылайтын және қалыптастыратын маңызды алаңға айналды. Келелі жиын құрылған уақытынан бері мемлекеттік басқаруды дамыту және азаматтық қоғамды нығайтуға айтарлықтай үлес қосты. Ұлттық құрылтай қоғамды топтастырып, бұқара мен билікті байланыстыруға мүмкіндік беретін, елдегі демократиялық үдерістердің дамуына жағымды ықпал ететін маңызды қоғамдық-саяси институтқа айналды.