Тегінде депутат пен журналист қызметі бір-біріне өте ұқсас . Екеуіне де ел мүддесін қорғау, халық сенімін арқалап, мүлтіксіз қызмет ету жауапкершілігі жүктелген. Халық өзекті мәселеге байланысты өтінішіне құлақ аспай, биліктің бишігін ұстағандарға қойған талап-тілегі орындалмай, барар жері, ашар есігі қалмай, тығырыққа тірелген сәтте депутат пен журналисті іздейді. Біздің мақаламыз осы екі міндетті құстың қос қанатындай ұштастырып, үйлестіріп келе жатқан, ел газеті «Egemen Qazaqstan»-ның Түркістан облысындағы меншікті тілшісі, облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты, әріптесіміз Ғалымжан Елшібай туралы болмақ. Ғалымжан Елшібайдың басқалардан ерекшелігі де, артықшылығы да осы болар. Журналистік мамандығы депутаттық міндетін белсенді атқаруға, депутаттық мандаты журналистік қызметінің кең өріс алуына септігі тиіп, бір-бірін толықтырып, оның іскерлігін, елге деген жанашырлығын танытуға көп көмегін тигізіп отырғаны анық.
Ғалымжанмен өзі 15 жыл қызмет еткен «Жас Алаш» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі кезінде таныстым. Мен облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымындағы депутатымын. Сол кезде Ғалекең «Жас Алаштың» тілшісі ретінде сессияға, тұрақты комиссиялардың жиындарына қатысып, өткір материалдар жазатын. Иә, оның сын мақалаларын жұрт іздеп жүріп оқитын. Бетің бар, жүзің бар демей ақиқатты тіліп айтып, өзекті мәселелерді өткір көтеретін. «Жас Алашта» істей жүріп тоғыз-он жылдай «Қазақ әдебиеті», бір-екі жыл «Ана тілі» газеттерінің оңтүстік өңірдегі өкілі қызметін қоса атқарды. Алғашқы еңбек жолы аудандық «Төлеби туы» басылымынан басталып, одан қалалық «Шымкент келбеті», облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жалғасып, нағыз шыңдалудан өтті. Яғни республикалық басылымдарға дейін баспасөз саласындағы барлық баспалдақтан біртіндеп өтіп, тәжірибесі толысқан, нағыз кәсіби маманға айналды. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, көшбасшы басылым «Егеменде» елдің сөзін айтып жүргеніне де сегіз жыл сырғып өтіпті. Жалпы, журналистика саласында тер төккен 32 жылдық еңбек өтілі бағаланып, Ғалымжан Қамытбекұлы оңтүстік өңірде «Жыл журналисі», «Алтын қауырсын», «Жаңашыл журналист» сияқты көптеген аталымның бірнеше дүркін иегері атанды. Өңірде қызмет етіп жүріп республикалық деңгейде мықтылығын мойындату екінің бірінің еншісіне бұйыра бермейтіні белгілі. Үш жыл бұрын республикалық бәйгеде бақ сынап ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықты иеленді. 2021 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен берілетін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Ал «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін таққанына бір мүшел толыпты.
Міне, бір кездері мәслихат жиынына қатысып, өзекті мәселелер қозғаған өткір мақалалар жазып жүрген Ғалымжан енді өзі де халық қалаулысы атанып, елдің сөзін сөйлеп, сайлаушыларына барынша адал қызмет етуде. Елдің сөзін сөйлеумен бірге әрдайым қаламгер әріптестерінің де абыройын асқақтатуға, олардың да еңбектері еленіп, лайықты құрметке бөленуіне бар күш-жігерін салып жүрген азамат. Қазақ әдебиетінің алыбы Әбіш Кекілбай айтқандай, қазақ рухының қағбасы атанған Ордабасы ауданының азаматы, қазақ әдебиеті әлемінде даралығы даусыз дәлелденген талантты ақын Нармахан Бегалиевтің «Түркістан облысының құрметті азаматы» атануына ұсыныс беріп, бұл істі аяғына дейін табандылықпен жеткізді. Бұған дейін Нар-ағаңды басқа тілеулестері осы құрметке екі рет ұсынып, өткізе алмаған екен.
Ғалымжанның аға буынды ардақ тұтып, құрмет көрсетіп жүретінін Журналистер одағының Түркістан облысындағы филиалын басқарған кездегі тірліктерінен көп байқадық. Ақпарат құралдары өкілдерінің мерекесіне арналған алқалы жиындарда, байрақты бәсекелерде өмірден өтіп кеткен әріптестерінің аты өшпесін деп Сәділ Кәдеев, Ертай Бекқұлов, Қалыбек Атжан, Сабыржан Юсупалиев, Анар Аспан, Талғат Орман, Алмас Ақылбек, Кеңес Исмайлов, Оразхан Жарқынбек сияқты тағы басқа да алдыңғы буын ағалары атынан жүлделер тағайындап, насихаттап жүруді дәстүрге айналдырды.
Биыл «Мархабат Байғұттың 80 жылдығы» жобасының жетекшісі әрі «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай «Мархабат» атты журналдың ақпарат айдынында желкенін керуіне де мұрындық болды. Журнал бүгінде он облысқа 2 мыңнан аса таралыммен тарап жатыр. Мархабат Байғұттың 75 жасқа толған мерейтойында түркітілдес бес мемлекеттен зиялы қауым, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттарының қатысуымен өткен халықаралық жиында модераторлық жасаған осы Ғалымжан. Бастысы, облыс әкімінің қолдауымен «Түркілер төрі – Түркістан» кітабының тұсауы кесілген осынау жиынның жоғары деңгейде өтуіне де ұйытқы бола білді. Жазушының «Мархабаттың музасы» атты кітабының жарық көруіне де қаржылық демеушілік жасағанын айтпай кетуге болмас.
Ал өткен жылы қасиетті оразада дастарқан жайып, 200-ден аса адамға ауызашар берді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген ғой, сол ауызашарда Әсет Тілеукеев, Әмірсейіт Әлиев, Жұмамұрат Тұяқбаев сияқты марқұм болған 40 шақты журналистің аты аталып, арнайы құранға қосылды. Әдетте мұндай іс-шараларды әкімдік немесе облыстық салалық басқармалар ұйымдастырып жататын. Өмірден өткен қаламдастардың жұбайлары, перзенттері, туыстары да қатысып, ризашылығын білдірген осынау іс-шараны өз отбасының атынан ұйымдастырған Ғалымжанның іскерлігіне тәнті болдым.
Иә, Ғалымжанның қасында жастар үйірсектеп көп жүреді. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен «Тәуелсіздік қарлығаштары» атты жинақтың жарық көруіне де тікелей түрткі болды. Проза, поэзия, публицистика жанрындағы жастардың жазғандары жинаққа еніп, жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар берілгенде, жас толқынның қатты қуанғаны көңіл толқытты, жүректі елжіретті. Ол жекелеген жастарға да қаржылай демеуші болып жүр. Түркістан облысының «Жыл жазушысы» аталымының иегері атанған жас талант Абылайхан Есімбайдың «Кедей қызы» атты жинағын өз қаржысына шығарып берді. Жақында тағы бір талантты жастың кітабын шығаруға қолдау жасағалы жатқанын естіп, қуанып қалдық.
Ғалымжан Елшібай – облыстық мәслихаттағы әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары ретінде белсенді депутат болумен қатар, «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Отбасы және әлеуметтік қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы. Бұған дейін Білім және денсаулық жөніндегі қоғамдық кеңесті басқарды. Сондай-ақ «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының Түркістан облысы бойынша амбассадоры болып бекітілген. Облыстағы мүмкіндігі шектеулі адамдар, әлеуметтік сала мен әлеуметтік жағынан осал топтар осы себептен де Ғалымжанды жиі іздейді. Өйткені ол жүктелген жауапкершілікті жүрегімен сезінгендіктен, облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жанайқайын жеткізіп, мәселелерінің шешілуіне қолұшын созып жүр. Сауран ауданындағы «Самғау» сауықтыру орталығы уақтылы пайдалануға берілмей, созбалаңға салынғанда осы мәселені сессияда көтеріп, оңынан шешілуіне атсалысты. «Amanat» партиясы республикалық деңгейде қолға алған бірегей жоба – сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды бір-бірін сүйеп, демеуге шақыратын «Тең мүмкіндік» атты инклюзиялық спорт фестивалінің ұйымдастырылуына ұйытқы болып, жоғары деңгейде өтуіне салалық басқармаларды жұмылдырды.
Әріптесіміз мүгедек жандардың мұңын тыңдап, мәселесінің оң шешілуіне атсалысып қана қоймай, оларға өзі де демеушілік көрсетіп келеді. Төлеби ауданындағы бірінші және екінші топтағы мүгедек жандар, олардың күтушілері мен әлеуметтік сала мамандарын қосқанда 20 шақты адамның Түркістанды аралауына, теледидардан тамашалап, газеттен ғана оқып жүрген киелі шаһарды көзімен көріп, әдемі әсерге бөленіп қайтуына демеуші болды.
Елге сіңірген еңбегі ескерілген Ғалымжанның өзі де «Төлеби ауданының құрметті азаматы» атанып, мерейі өскеніне біраз жыл болды. Кіндік қаны тамған Жоғарғы Қасқасу ауылында орта мектеп салынуына, мешіт тұрғызылуына, жол жөнделіп, көше жарықтандырылуына, интернетпен қамтылуына, таза ауызсу мен табиғи газға қол жеткізуге тікелей бастамашы болғаны қандай құрметке де лайық азамат екендігінің айқын дәлелі емес пе?
Ауылдың ауызбірлігін, бірлігі бекемдігін білдіріп ортадан жиналған қаржыға салынған мешіттің ашылу салтанатына қатыстық. Ал Алатаудың дәл баурайындағы, сырт көз «Қазақстанның Швейцариясы» деп сүйсінетін табиғаты таңдай қақтырарлық Қасқасудың шатқалынан ақшалы алпауыттар шахта ашамыз деп әрекет жасағанда елдің азаматы ретінде де, журналист ретінде де жанкештілікпен оларға қарсы тұрғандардың бірі де бірегейі Ғалымжан Елшібай болды. Ашкөздерден арашалап алып қалған көркемдігіне көз тоймас сол ауылда бүгінде ел аузында «екінші Медеу» аталып кеткен халықаралық тау шаңғысы курорттық кешені салынып жатыр. Еліміздің әр қиырынан, тіпті шетелдерден де қонақтар жиі баратын Қасқасуға қарбалас шаруадан шаршаған шақта сергіп, серпіліп, тынығып қайтуға асығамыз.
Міне, әр адам туған жеріне осындай жанашырлық танытса, шын жүрегімен сүйсе, перзенттік парызын өтеуге аянбай кіріссе, әр ауыл гүлденер еді. Ғалымжан әріптесім туған жері Төлеби ауданының ғана емес, кез келген аудан, қаланың мәселесін бөле-жармай көтеріп келеді. Сессияда Түркістан футболының мәселесін көтеріп, бюджет қаржысын босқа ысырап етпеуді батыл айтып, осы мәселеге байланысты алқалы жиынның өтуіне ұйытқы болып, өзі баяндама жасады. Тағы бірде Түлкібаста мүгедек балаларға арналған сауықтыру орталығын салуға қаржы бөлуге байланысты шырылдаса, таяуда ғана өткен сессияда Қазығұрттағы архивтер ғимараты апатты жағдайда екенін жеткізіп, тарихи құжаттар топырақтың астында қалу қаупі бар екенін айтып, дабыл қақты.
Жақында Мемлекет басшысы Түркістанның арнайы мәртебесі туралы заңға қол қойды. Өз алдына отау тіккен алты жылдан бері киелі Түркістанның экономикасымен бірге ақпараттық кеңістігі де қарқынды дамып келеді. Түркістанда жиі ұйымдастырылатын халықаралық, республикалық, облыстық медиафорумдардың басы-қасында үнемі Ғалымжан Елшібай жүреді. Өткен жылы «Масс-медиа туралы» заң қабылданар кезде де соған байланысты жиындар өткізіп, ұсыныс-пікірлер білдіруі де түркістандық журналистер белсенділігінің жоғары екенін білдірсе керек. Қалай айтсақ та Ғалымжан Елшібай өңір журналистерінің көшбасшысы ретінде ынтымақ-бірлігін арттырып, ортақ іске жұдырықтай жұмылдырып жүрген іскер азамат.
Нұралы ӘБІШЕВ,
Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы