Қазақ медицинасының болашағы: Жаңа дәуірге бастайтын жоба халыққа не береді?

Жаршы

Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі жаңа кезеңге қадам басқалы тұр.

Енді ауруханаға барып, қағаз талондарды толтырудың дәуірі артта қалуы мүмкін. Елімізде іске қосылып жатқан жаңа жоба қағазбастылықты жойып, дәрігерлер мен науқастарды бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктірмек. Сарапшылар бұл өзгерістерді оң бағалап отыр. Caravan.kz тілшісі халықтың өмірі расымен де осымен жеңілдейді ме, саралап көреді.

Медицинаны өзгертетін жоба

Денсаулық сақтау министрлігі елдің барлық негізгі медициналық ақпараттық ресурстарын бірыңғай кеңістікке біріктіретін E-Densaulyq цифрлық экожүйесін құруға кірісті. Ведомство мұны жүйелі трансформация екенін мәлімдеп отыр. Жоба аясында 17 дербес ақпараттық жүйе біртұтас ортаға біріктіріледі. Бұл ортада пациенттер мен ұйымдар туралы деректер бүкіл ел ауқымында интеграцияланады. Ресми жоспарға сәйкес, меншік нысанына қарамастан медициналық ұйымдардан түсетін мәліметтер жинақталатын Бірыңғай медициналық деректер қоймасы болмақ.

Қазір Қазақстанда әрбір аурухана мен емхана іс жүзінде өз базасы мен сервисін пайдаланады. Бұл пациенттерге де, дәрігерлерге де, мемлекетке де қиындық туғызып отыр. Мысалы, деректер әрдайым қолжетімді емес, алмасу тетігі шектеулі, ресурстардың қозғалысы айқын емес. Бірыңғай электронды контур осы кедергілерді жоюы тиіс. 2026 жылға қарай әрбір азамат өзінің толық электронды денсаулық паспортына қол жеткізе алады деп күтілуде. Бұл талдау нәтижелері, дәрігер тағайындаулары, вакцинация тарихы, дәрі-дәрмек туралы мәліметтер және медициналық ұйымдарға тіркелу фактілері қамтылатын жеке «цифрлық досье».

Министрліктің есептеуінше, жаңа экожүйенің басты төрт блогы болады:

1.Халықты тіркеу регистрі. Қазір бұл құрал жеңілдетілген нұсқада жұмыс істейді, бірақ миллиондаған азаматқа қатысты деректер тұрақты жаңартуды және синхрондауды қажет етеді.

2.Денсаулық сақтау ресурстарын басқару жүйесі. Ол кадрлар, жабдықтар мен лицензияларды біріктіреді. 2024 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда шамамен 260 мың медициналық маман бар, алайда олардың өңірлер бойынша бөлінуі теңсіз. Жаңа жүйе нақты уақыт режимінде кадрлық тапшылықты және артық жүктемені көрсетеді.

3.Дәрілік қамтамасыз ету жүйесі. Елде жыл сайын шамамен 500 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алынады, бірақ жеткізілімдердегі іркілістер туралы шағыvдар азаймай отыр. Соңғы жылдардағы мерзімі өтіп кеткен препараттар мен жасанды баға өсімі жөніндегі даулар цифрлық мониторингсіз ашықтықтың тек сөз жүзінде қалатынын көрсетті. Енгізілетін модуль дәрілердің қозғалысын жеткізушіден дәріхана немесе стационарға дейін қадағалауға тиіс.

4.Медициналық көмекті төлеудің бірыңғай жүйесі. Қазақстан 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру моделіне көшті, қағаз жүзінде ол бүкіл халықты қамтиды. Бірақ қызмет ақысын төлеу, қаржы бөлу және сапаны бақылау рәсімдері көп сұрақ тудырады. Электронды контур делдалдардың санын азайтып, төлемді мемлекет пен пациент үшін айқын әрі қолжетімді етуі керек.

Жобаның басты ұстанымы – интеграция

Қолданыстағы 17 жүйе, яғни электронды емханалардан бастап зертханалық модульдерге дейін E-Densaulyq құрамына кіруі қажет. Цифрлық даму министрлігінің дерегі бойынша, қазіргі таңда медициналық ұйымдардың тек 40%-ы «электронды үкімет» инфрақұрылымына тұрақты біріктірілген. Ауылдық өңірлерде бұл көрсеткіш 25%-дан төмен. Салдарынан цифрлық теңсіздік мәселесі туындайды. Астана мен Алматыда қызметтерді мобильді қосымша арқылы пайдалану қалыпты жағдайға айналса, Жамбыл немесе Қызылорда облыстарында пациенттер әлі күнге дейін қағаз талонға тәуелді.

Ресми тұлғалар 2026 жылға қарай жүйе елдің барлық өңірінде қолжетімді болады деп сендіріп отыр. Алайда, сарапшылар ескертеді: интернет-инфрақұрылымға және кадрларды оқытуға инвестициясыз цифрландыру формалды күйде қалуы мүмкін. Бүгінде Қазақстан денсаулық сақтауға ЖІӨ-нің шамамен 3,8%-ын жұмсайды, бұл ОЭСР елдерінің орташа көрсеткішінен (8–9%) едәуір төмен. Мұндай жағдайда кез келген технологиялық реформа қаржыландыру тапшылығына тіреледі.

Медицинадағы цифрлық жобаларды енгізу тәжірибесі үміттің мүмкіндіктен асып түсуін жиі көрсетеді. 2018 жылы Қазақстанда «электронды емхана» жобасы іске қосылып, онлайн жазылу мен талдау нәтижелеріне қашықтан қол жеткізу қарастырылған еді. Бірақ іс жүзінде функционал шектеулі, ал техникалық ақаулар тұрақты болып шықты. Жаңа жоба сол тәжірибені ескере отырып жасалғанымен, бұрынғы әлсіздіктерді жоюды да мақсат етеді.

Цифрлық трансформацияның әлеуметтік қыры да бар. Бір жағынан, пациент өз деректерін бақылау мүмкіндігіне ие болады, бұл әлемдік жекелендірілген медицина трендтеріне сай. Екінші жағынан, мемлекет толық мониторинг құралын алады: дәрігердің қандай дәрі жазғанынан бастап, жабдықтың қаншалықты тиімді пайдаланылғанына дейін. Бұл бақылауды күшейтеді, бірақ деректердің таралу қаупін де арттырады. 2023 жылы Қазақстанда жеке деректердің көлеңкелі нарықта сатылған жағдайлары тіркелген, сондықтан киберқауіпсіздік мәселесі аса маңызды.

Өңірлік тұрғыдан алғанда, Қазақстан көршілерінен озып кетуді көздеп отыр. Өзбекстан мен Қырғызстанда денсаулық сақтауды цифрландыру баяу жүріп жатыр: жекелеген пилоттар іске қосылғанымен, бірыңғай контур жоқ. Қазақстан үшін бұл – үлгі көрсету мүмкіндігі, бірақ өзге елдердің қателігін қайталау қаупі де бар.

Тәуелсіз сарапшылардың есебінше, егер жүйе толық қуатында іске қосылса, тиімсіз шығындарды азайту және медициналық персоналдың өнімділігін арттыру арқылы экономикалық әсері ЖІӨ-нің 0,5%-ына дейін жетуі мүмкін. Дегенмен, мерзім тым аз. Екі жыл ішінде 17 жүйені біріктіру, ондаған мың маманды оқыту және барлық өңірде инфрақұрылымды енгізу қажет.

E-Densaulyq цифрлық экожүйесі қазақстандық басқару моделінің кемелдігін сынайтын жобаға айналуда. Мәселе тек технологияда емес, сонымен бірге саяси ерік-жігерде, сыбайлас жемқорлық пен бюрократиялық кедергілерді еңсеру қабілетінде. Дәрі-дәрмек пен жабдық сатып алу тарихы көрсеткендей, жүйелік ашықтықсыз кез келген цифрлық платформа тек сыртқы көрініске айналады. Сондықтан E-Densaulyq-тың табысы немесе сәтсіздігі Қазақстанның әлеуметтік саладағы нақты цифрлық трансформацияға қаншалықты қабілетті екенін көрсететін маңызды индикатор болмақ.