Ақмолалық дәрігерлер науқастарға ЖИ көмегімен диагноз қоя бастады

Жаршы

Ақмолалық дәрігерлер науқастарға жасанды интеллектінің көмегімен диагноз қояды, деп хабарлайды 24kz.

«Сандық жүйенің дәлдігі – 90%» -дейді мамандар. Пилоттық жоба әзірге өңірдегі 4 емханада сынақтан өтіп жатыр. Тың технология ақ халаттылардың уақытын 40%-ке дейін үнемдейді екен.

Дәрігердің алдына келген науқас алдымен микрофонға өзін мазалап жүрген симптомдарды айтады. Кейін ол бірден компьютердегі платформаға еңгізіліп, бірнеше болжамды диагноз шығарады. Содан кейін мамандардың оның бірін таңдап, ем тағайындайды.

Гүлмира Нұрмағанбетова, дәрігер:

- Осы жоба аясында жұмысымыз оңтайландырылды. Мысалы, қазір күніне келетін 15 науқас болса, соның шамамен 8-іне жасанды интеллект арқылы болжамды диагноз қоямыз.

Пилоттық жоба қазір 4 емханада сынақтан өтіп жатыр. Оның ішінде ауылдағы медициналық мекемелер де бар. Мысалы, облыс орталығының іргесіндегі Красный яр ауылының мамандары соңғы бір айда 100-ге жуық адамға жасанды интеллектінің көмегімен болжамды диагноз қойған.

Раиса Жукова, Красный яр ауылының тұрғыны:

- Қазір емханадағы тексеріміз тез өтеді. Бұрынғыдай сағаттап кезек күтпейміз. Кабинеттен кабинетке қағаз тасып сабылмаймыз. Өте тиімді жоба деп ойлаймын.

Сандық жүйе дәрігерлердің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Әсіресе, компьютердің бас алмай, қағазға көміліп жататын мамандар үшін өте тиімді.

Гүлмира Нұрмағанбетова, дәрігер:

- Бұл жоба шынымен бізді қағазбастылықтан босатады. Көп науқастар біздің ол жұмысымызды көре бермейді. Қазір мен сол қағазға жұмсаған уақытымды науқастарға арнаймын.

Қазір аймақта Гүлмира Нұрмағанбетова сияқты 38 дәрігер тың технологияны қолданып жүр. Алдағы уақытта олардың қатары арта түспек. Себебі, жауаптылар пилоттық жобаны өңірдегі 300 медициналық учаскеге еңгізуді көздеп отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный