Ақтөбеде жыршылық өнерге қызығушылық артқан

Жаршы

Ақтөбеде жыршылық өнерге қызығушылық жоғары, деп хабарлайды 24kz.

Өңірдегі «Ер Едіге» жыр мектебінде 60-қа жуық бала тәлім алып жүр. Жылына 15 қисса-дастан жаттап, мүдірмей орындайтын таланттар да бар. Жыр мектебінің тәлімгерлері «Жыршылық өнер» бағдарламасын жасақтап, әдістемелік құралды ретінде ұсынған.

Нақышына келтіріп термені төгілте орындайтын дәстүрлі әншінің барлығы бірдей әлқисса, жыр-дастанды жаттауға жүрегі дауалай бермейді. Батырлар эпосы – ұлттық болмыс пен тарихты ұштастырған құдіреті тылсым саф өнер. Сондықтан «Ер Едіге» мектебінде жас жыршыларға Ақтөбе топырағынан шыққан шайырлардың мақам-саздары мен жырларын үйретуден бастайды. Кейін Асанқайғы мен Шалкиіз жыраулардың мұрасын «Қобыланды батыр», «Едіге», «Мұса хан», «Нар қыз» «Асау-Барақ» дастандарын орындайды.

Дильназ Қуаныш, жас жыршы:

- «Қырымның 40 батыры» деген жобаны алып, осы батырлар дастанын жаттап жатырмыз. Ер мінезді батырларымызды жырлау, оның ішінде үлкен олардың жорықтарын жырлау бізге ұнайды. «Ер Едіге» жыр мектебінде дәстүрді жалғастырып жүрген жайымыз бар.

«Қырымның 40 батыры» эпосын мамыр айында Астанада өтетін концертте тыңдауға болады. Бұл шараға өнер мектебінен 40 жас жыршы аттанғалы отыр. Жалпы бұл үйірме үш жылдың ішінде 60-тан астам өнерпаздың басын қосты. Алды түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жиырмадан астам жүлдеге ие болған.

Әділбек Сарин, «Ер Едіге» жыр мектебінің жетекшісі:

- Бұл жырды балаларға жаттату – бұл біздің қайтадан рухани жаңғыру дейді ғой, қайтадан анау баяғы жоғалып кеткен жыраулық дәстүрімізді қайтадан орнына келтіру. Балалары жырлаған кезде ата-аналары да қызығушылығы оянып, қазір тыңдаушылар көбейіп келе жатыр. Шынымен, жаңағы сусап, кеуіп қалған.

Сағынай Тайпақова, қала тұрғыны:

- «Ер Едіге» жыр мектебі ашылып жатыр дегенді естіп, инстаграмнан көрдім негізі, содан осы немеремді алып келдім он жасында. Екі жыл болды қазір мінекей. Ата-бабамның термелерін, жырлаын насихаттап, белсеніп айтты. Даусы да жақсы айтып келе жатыр қазір. Сөз байлығы көбейді. Қазақы тәрбиеде, дәстүрде.

Болашақта жыр мектебінде терме-дастанды қобыз, жетіген аспаптарымен де орындауды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, ұлттық өнер жанашырлары жыршылық өнерді үйретуге арналған әдістемелік құрал жазып шыққан. Көрнекі әдебиет аудандардағы өнер мектептеріне үлестіріліп, шалғайдағы жас жыршыларға онлайн дәріс оқытылып жүр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов