Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ел дамуына септігін тигізетін жобаларға ден қойып отыр.
Отандық ғалымдар Foresight зерттеулерін жүргізіп, болашақта ерекше маңызға ие болатын 210 басым бағытты айқындаған. Соның негізінде 58 ғылыми тапсырма әзірленді. Бүгін Алматыға жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев осы зерттеулермен танысты. Талдау жұмыстары министрліктермен және индустрия саласының өкілдерімен бірлесе жүргізілген. Осылайша ауыл шаруашылығы, жасанды интеллект, экология, биотехнология, медицина сынды ұлттық экономиканың өсуіне арқау болатын көптеген сала қамтылған. Сондай-ақ өңірлерде ғылымға басымдық беріліп, аймақтық форсайт-орталықтар құрылып жатыр.
Елена Шевченко, Ұлттық ғылым академиясы Жер, ғарыш және коммуникация ғылымдары орталығының директоры:
- Әлемдік тренд – халықтың қартаюы. Бұрын аса өзекті болмаған аурулар да алға шығады. Сонымен қатар біздің елімізде кең таралған жүрек-қан тамыр ауруларын да ғалымдар жаңа технологияларды пайдалана отырып шешуі тиіс. Жасанды интеллект, үлкен деректермен жұмыс істеп, сондай-ақ биотехнологияның игілігін көруіміз керек.