Әулеттің еңбек өтілі - 150 жыл: Павлодар облысында ерекше мамандық игерген әйел тұрады

Жаршы

Павлодар облысында ерекше мамандық игерген әйел тұрады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Гүлназира Нөке бұл мамандықты саналы түрде таңдаған. Орманшылар әулетінің жалпы еңбек өтілі бір жарым ғасырға жетсе, Гүлназира Нөке 20 жылдан аса табиғатты қорғап келеді. 2019 жылдан бері "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты жерді алаң орманшылығының орман шебері-мемлекеттік инспекторы қызметін атқарып жүр.

Бүгінде Шарбақты ауданының Шошқалы ауылында 10-ға жуық аула қалса да, жергілікті тұрғындар табиғатты аялауға бар күшін салады. Осындай жанашыр жандардың арқасында "Ертіс орманы" резерватының жасыл желегі болашақ ұрпаққа аманат болып қалады.

"Мен осы жерде дүниеге келдім, білім алдым. 5-сыныптан бастап арамшөп отауға баратынмын, орман дақылдарына күтім жасайтын едік. Атам, ата-анам, ағаларым да орманшы болған. Әулеттің жалпы еңбек өтілі — 150 жыл, бір жарым ғасыр", — дейді ол.

Гүлназира Нөке бала кезінде әкесімен бірге орман шаруашылығына барып, табиғатқа жақын болып өскен. Сондықтан бастауыш сыныптан бастап шебердің кейбір жұмыстарын жақсы меңгерген.

"Орман шаруашылығы — әйел адамға арналмаған кәсіп" деген пікірді жиі естиміз. Алайда бұл — қате түсінік. Орманшылар әулетінің өкілі ретінде бұл мамандықты саналы түрде таңдадым", — дейді Гүлназира Нөке.

Орманшы Бурабай ауыл шаруашылығы техникумын бітірген. 2003 жылы маусымдық жұмысшы болып еңбек жолын бастаған. Зауыт орманшылығында от жағушы болып та жұмыс істеген.

"Орман — адамға күш-қуат беретін қасиетті мекен. Оны аялау — біздің басты міндетіміз", — дейді ол.

Гүлназира Нөкенің қарамағында 7140 гектар жер, алты орманшы бар. Ол 12-13 кварталдан тұратын алты алаңды тексереді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!