"Құрмет" орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын, қоғам қайраткері, қарымды қаламгер Шолпан Батырқызы Қыдырниязова дүниеден өтті. Бұл туралы БҚО Халық шығармашылығы орталығына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Орталық ақынның дүниеден өтуіне байланысты отбасына, ағайын-туыстарына қайғысына ортақтасып, жазба жариялады.
Қыдырниязова Шолпан 1949 жылы 6 мамырда Қаратөбе ауданы Қаракөл аулында дүниеге келген. 1956-1966 жылдар аралығында Алакөл бастауыш, Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектептерінде оқып, білім алған. Қаратөбе аудандық "Еңбек туы" газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істейді.
1967-1971 жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алды.
1971-1976 жылдарда Қаратөбе ауданы Шөптікөл сегізжылдық мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді.
1976-1983 жылдары "Еңбек туы" газетінде радиохабар ұйымдастырушы тілші, жауапты хатшы,
1983-1993 жылдары халық депутаттары аудандық кеңес атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудан әкімі орынбасары міндеттерін атқарды, бірнеше дүркін аудандық кеңеске депутаттыққа сайланған.
2004-2008 жылдары жаңадан ашылған Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып қызмет жасады. Республикалық екінші ақындар айтысында бірінші орынға ие болып, 1980 жылы "Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері" атағы берілді.
"Қазақстан Конституциясына — 10 жыл", "Қазақстан мәслихатына — 20 жыл", "Ерен еңбегі үшін" медальдарының, "Құрмет" орденінің иегері, "Қаратөбе ауданының құрметті азаматы".