Тараздық көпбалалы ана әлі күнге рингке шығып әлемдік бәсекеде өнер көрсетіп жүр, деп хабарлайды 24kz.
Әйгерім Сәттібаева жақында ғана бокстан Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды. Қазір өзі қыздарды боксқа баулып жүр.
Әйгерім Сәттібаева – бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі. 5 дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Ол ұзақ жылғы үзілістен соң 2023 жылы спортқа қайта оралды. Сөйте тұра, былтыр Азия чемпионатының қоласын алса, бір апта бұрын халықаралық «Странджа кубогының» күміс жүлдесін иеленді.
Әйгерім Сәттібаева, бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі:
- Бала кезден спортшы болғандықтан, мен әрдайым бокс залына барғым келіп тұрады. Әрдайым спортты сағынып тұратынмын. Спортты қойған кезде де, үйде балалы болып декретте отырған кезде де әрдайым залға барып жүрдім. Бапкер болып, тренер болып жұмыс істеп жүрдім. Көпбалалы ана болғандықтан, оңай емес. Спортты да үй шаруасын да алып жүру. Дегенмен, маған отбасым қолдау көрсетіп жатыр. Ата-енем жолдасым.
Әйгерім бүгінде бапкерлікті де қатар алып жүр. № 2 облыстық мамандандырылған спорт мектебінде бұрымдыларды боксқа баулуда. Шәкірттерінің алды ел және Азия чемпионатының жүлдегерлері атанған.
Балжан Асқар, Азия чемпионатының күміс жүлдегері:
- Осы әпкеміздей болғымыз келеді. Құдай қаласа, осындай неше түрлі жарыстардан жеңіске жетіп жатырмыз. Осындай дәрежелерге жеткіміз келеді. Отбасы жағында да және спорт жағында да жақсы дәрежеге жетіп жатыр. Осындай бізге бұйырсын.
Әйгерімнің жұбайы – бокстан Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев. Ерлі-зайыптылар бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр. Спортпен қоса үй шаруасына да үлгеріп жүрген еңбекқор арудың тіршілігі көпке үлгі.
Бауыржан Асқаров, бапкер:
- Өзіміздің көрініп жүрген, осы жерде действующий спортсмен қыздарымыз бар. Әйгерім Сәттібаева сияқты, Фируза Шарипова сиықты мысалы мықты-мықты боксшы қыздармыз бар. Осы қыздарға қарап, мына біздің жастарымыз боксқа ағылып келіп жатыр. Жылдан жылға қыздардың боксы кеңейіп жатыр. Штат көбейіп жатыр.
Әйгерім қоғамдық жұмысқа да белсенді атсалысады. Аналар кеңесінің жиындарында бой көрсетіп,жастармен жиі кездеседі. Спорттағы және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін мереке қарсаңында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жалпы Жамбыл облысында 29 872 кәсіби спортшы болса, оның 4621-і әйелдер.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә