Аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді

Жаршы

Мемлекет басшысының қатысуымен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған марапаттау рәсімі өтті. Президент салтанатты іс-шараға жинал­ған барша қауымды көктем мерекесімен шын жүректен құттықтап, әлемге сүйіспеншілікпен қарайтын, жан-жағына жақсылық шарапатын сыйлап жүретін әйелдер қауымына жылы лебізін жеткізді.

– «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел – шаңырақтың шырағы, ұлттың ұйытқысы. Ана – тіршілік пен берекенің бастауы, адамзат бойындағы бар ізгіліктің қайнар көзі. Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер! Сондықтан бүгінгі мейрамда барша ер-азаматтар өздеріңізге ақ тілегін арнап, ықылас-ілтипатын білдіріп жатыр. Солардың ішінде мен де Мемлекет басшысы ретінде әйелдерге тілегімді, лебізімді айтып тұрмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымызда ерлік пен елдіктің туын биік ұстаған арулар аз емес екенін алға тартып, олардың есімі ел шежіресіне алтын әріппен жазылғанын айтты.

ап

– Тұмар мен Бопай ханым­дардың, Домалақ ана, Зере және Ұлпан аналардың, Әлия, Мәншүк, Хиуаз секілді батыр қыздарымыздың аты ел жадында. Сіздерді ақылы мен ажары, даналығы мен даралығы келіс­кен қазақ әйелінің ізбасары деу­ге болады. Әйелдер қауымы күр­делі кезеңдерде аянбай еңбек етті, Отанымыздың өсіп-өркендеуі­не белсене атсалысты. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі. Бүгінде сіздер санасы сергек, ойы азат ұрпақ өсіріп, Отанымыздың өркен жаюына айрықша үлес қосып келесіздер. Қазақстан­ның сан түрлі салада жетістікке жетуі­не қыз-келіншектеріміз мол еңбек сіңіруде. Бүгін Ақордаға шақырылған әйелдер арасында Отанымызға әр салада еңбек сіңірген білікті мамандар бар. Мен баршаңызға зор алғыс айтамын! – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, аналары алаңсыз қоғамда балалар да бақытты өмір сүреді. Бұл ретте Президент елімізде әйелдердің құқығын қорғау, оларды қолдау бағытында жүргізіліп жатқан игі істерге айрықша тоқталды.

– Ана мен баланың жағ­дайы дұрыс болса, әлеуметтің жағдайы да дұрыс болады. Сондықтан болашағын ойлаған ел, ең алдымен, әйелдердің жағдайын жақсартуды ойлайды. Мемлекетіміз әйелдерді барынша қорғауға және жан-жақты қолдауға баса мән бере­ді. Осы бағытта нақты жұмыс­тар атқарылып жатыр. Менің тапсырмаммен отбасы институтын нығайтуды көздейтін маңызды шаралар қабылданды. Барлық аймақта қиын жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсететін орталықтар ашылып жатыр. Көпбалалы аналарды қолдаудың ұлттық моделі қалып­тасты. Соның арқасында жыл өткен сайын көпбалалы от­басылардың саны артып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

ап

Президент қазір әйелдер түрлі салада табысты еңбек етіп жүргенін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметшілер­дің жартысынан көбі – әйелдер. Білім беру, денсаулық сақ­тау саласындағы мамандардың 70 пайыздан астамы да – әйел­дер қауымы. Сондай-ақ олар төтенше жағдайлар, қорғаныс және құқық қорғау органдарында табысты жұмыс істеп жүр. Көптеген әйел лауазымды қызметтер атқарады, сіздердің араларыңызда да табысты басшылар аз емес. Қыз-келіншектер бизнесте де жетістікке жетіп жүр. Бойларыңыздағы мақсаткерлік пен жасампаздық қуаты ең батыл бастамаларыңызды жүзеге асы­руға көмектесіп келеді. Берік азамат­тық ұстаным­дарыңызды танытып, қоғам­дық жұ­мысқа да жан-жақты атсалыса­сыз­­дар. Маңызды бастамалар мен ха­лыққа қажетті әлеуметтік жобаларды іске асырып жүрсіздер. Қай іспен айна­лыссаңыздар да жауапкершілікпен қарап, ұдайы оң нәтижеге қол жеткізіп келесіздер. Әлемдік додаларда топ жарып, еліміздің абыройын асқақ­татып жүрген аруларымыз да бар. Біз қажырлы еңбегімен, ерен ерлігімен танылған қыз-ке­лін­­­шектерді мақтан тұта­мыз. Тәуел­­сіз­­дік жылдары өз сала­сы­ның үз­дігі атанған 8 әйелге «Қазақ­­­стан­­ның Еңбек Ері» атағы бе­ріл­­ді, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Президент биыл елімізде «Жұмысшы маман­дықтары жылы» деп жарияланып, білікті мамандардың мәртебесін көтеру үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударды.

– Мысалы, мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан тоғыз құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудь­коға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақ­станның еңбек сіңірген өнер­кәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдары­на бүкіл ел болып құрмет көр­се­тіп, оларды жан-жақты дәріптеуі­міз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты жиында Мем­лекет басшысы еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген, өз саласында жоғары жетістікке жеткен бір топ әйел азаматқа мемлекеттік наградалар табыстады.

Жалпы, атаулы мерекеде Прези­дент Жарлығымен мем­лекет­тік наградалармен марапат­талғандардың қатарында: 4 еңбек ардагері; 19 жұмысшы маман мен кәсіпорын еңбеккерлері; 14 денсаулық сақтау, білім беру, ғылым және мәдениет саласының қызметкерлері; 6 кәсіпорын басшысы; 3 қоғамдық ұйым өкілі; 7 мемлекеттік қызметкер; 6 құқық қорғау, арнаулы және бақылаушы органдарда, әскер қатарында еңбек ететін қызметкерлер бар.

Сондай-ақ осы күні Прези­дент «Әйел – сұлулықтың әуені» атты мерекелік концертті тама­­шалады. «Астана Опера» театрын­да өткен салтанатты кеште елі­мізге танымал мәде­ниет қай­рат­керлері, эстрада жұл­дыз­дары мен түрлі шығар­машылық ұжымдары өнер көрсетті.