Ақмарал Науатбек – Парадзюдодан жазғы Паралимпиаданың тұңғыш чемпионы. Арманы Олимп тұғырында алтын медаль тағыну еді, қайсар қыз мақсатына жетті. Анасын арқа тұтып, ақылына жүгінгені нәтижесін берді. Былтыр Парижде өткен жазғы Паралимпиада додасында 48 кг салмақта топ жарып, еліне тарихи алтынды тарту етті.
Былтырға дейін Паралимпиада ғана емес, жазғы Олимпия ойындарында дзюдо күресінен қазақ қыздарына медаль бұйырмай келген еді. Ойсыраған олқылықты қаршадай қыз бүтіндеп берді. Ақмарал Паралимпия ойындарының ширек финалында үндістандық Кокилоны айқын басымдықпен жықты. Жартылай финалда түрік қызы Жахиде Екені де еркін еңсерді. Финалда сыралғы қарсылас, француз қызы Мартине Сандринмен белдесті. Өз елінде өтіп жатқан төртжылдық аламанның алтын медалі үшін Сандрин барын салып күрескенімен, қазақтың қаршығадай қызының қайратына төтеп бере алмай, ойсырай жеңілді.
Одан бұрын, 2022 жылы Әзербайжанның Баку қаласында парадзюдодан әлем чемпионаты өтті. Ақмарал өзінің үйреншікті салмағы саналатын 48 килода белдесуге түсті. Барлық қарсыластарын айқын ұтып, жаһандық доданың алтын медалін иеленді. Жалпы, парадзюдодан әлем чемпионатының алтын медалін спортшыларымыздың арасынан алғаш болып 2018 жылы Олжас Оразалы олжаласа, әйелдер арасында Ақмарал тұңғыш топ жарды. Финалдық тартыста Францияның мақтанышы Мартине Сандринді ұтты. Өзінен 17 жас үлкен қарсыласынан қаймыққан жоқ. Ақмарал бес жасқа толғанда бұл Мартине 2004 жылы Афина паралимпиадасының күміс медалін, 2008 жылы Бейжің, 2021 жылы Токио паралимпиадасының да финалында сүрініп, күмісті олжалады. 2016 жылы мақсатына жетіп, Рио Паралимпия ойындарының чемпионы атанды. Міне, осындай ат үркітер атаққа ие саңлақты қайсар қыз қаймықтыра білді. Бакуде өткен әлем чемпионатының алтын медалі Ақмаралға өте бағалы. Себебі ол осы дүние дидарын аударған додада Мартинеден бөлек Токио Паралимпиадасының чемпионы, әзербайжан қызы Шахана Гаджиева да белдесті. Өз елінде барын салып күрескенімен оған қола медаль ғана бұйырды.
Ақмаралдың көру қабілетінің нашарлауы туабітті кесел емес. Ол спорт мектебінде оқып жүріп жасөспірімдер арасында, жастардың додасында да белдесіп айтарлықтай табысқа жетті. Бірақ бірте-бірте көзінің қарашығы семе бастады. Тіпті дәрігерлер спортты доғару керегін де айтты.
– Сол сәтте менің алдымда екі таңдау тұрды. Екеуі де нартәуекел еді. Спортты осы арадан доғарып, өзімді басқа салада сынап көру немесе спортты қайта жалғастырып, өзімді парадзюдода сынап көру. Психологиялық тұрғыда ауыр соқты. 11 жастан бастап дзюдомен шұғылданып, 7-сыныптан бастап спорт мектебіне қабылданып, даңғыл жол енді басталған еді. 2020 жылы ересектер арасында ел чемпионы атандым. Бірақ медициналық тексерістің қорытындысы көңіл қуантпады. Халықаралық сайыстарға қатысуыма рұқсат берілмеді. Ота жасатсам да еш қайран болмады. Тағдырға мойынсұндым, қиын сәтте анама арқа сүйеп, ақылын тыңдадым. Парадзюдомен спорттағы сапарымды жалғастырамын, әлем чемпионы атанамын, Паралимпиаданың алтынын аламын деген арманымның орындалатынына ана жүрегі шүбәсіз сенді. Қандай қиындық, кедергі кезіксе де тіреу болатынын жеткізіп, демеді. Сөйтіп, мақсатымыз орындалды, – дейді батыр қыз.
Жақында Халықаралық дзюдо федерациясы Ақмарал Науатбекке есім-сойы алтын түстес жазылған жапсырманы жіберді. Бұдан былай қазақтың қайсар қызы есімі алтын әріппен әдіптелген кимоно киіп күреседі. 26 жасқа толған балуанның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада додасында топ жарып, екі дүркін чемпион атанатын мүмкіндігі мол. Пара спортта саңлақтарымыздың ішінен әзірге пауэрлифтингтен Давид Дегтярев қана Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы деген даңққа ие. Германиялық егіздер Кармен мен Рамона 39 жастарында парадзюдодан паралимпиаданың күмісін олжалады. Демек, Ақмаралдың тіпті 2032 жылы Аустралияда өтетін Паралимпиада додасында да оза шабуына мүмкіндігі мол.