«Келешек мектептері»: БҚО-да 9 білім ошағы салынады

Жаршы

Батыс Қазақстан облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында былтырдан бері 3 оқу орны ашылса, жыл соңына дейін тағы 6 білім ордасы бой көтермек. Өскелең ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруде жаңа мектептердің мүмкіндіктері орасан. Ал жалпы алғанда өңірде күні бүгін 25 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Теректі ауданы Подстепное ауылындағы 1200 шәкіртке арналған мектеп сәуірде тапсырылды. Өткен оқу жылын 686 бала аяқтаса, қыркүйекте тағы 250 оқушы осында ауыспақ. «Келешек мектептері» жобасы бойынша бой көтерген ғимараттың ауданы типтік білім ордаларына қарағанда 20% үлкен, техникалық жарақтануы 4 есе артық. Әсіресе робототехника кабинеттері мен STEM-зертханалары тың мүмкіндіктер сыйлайды.

Жадыра Тұрсынова, №2 Подстепное орта мектебінің директоры:

- Хореография залы, заманауи үлгіде жабдықталған кітапханамыз, көркем еңбекке, 4 бөлімге арналған заманауи бағытта жабдықталған кабинетіміз бар. Сонымен қатар коворкингтер бар, оқушылардың бос уақытын, қоңырау үзілістеріндегі бос уақыттарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында коворкингте зияткерлік ойындары ойнатылады.

«Келешек мектептері» жобасы аясында өңірде жалпы сыйымдылығы 8100 орындық 9 мектеп салынбақ. Үшеуі тапсырылды, алтауының құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуі Бөрлі ауданында, екеуі Бәйтерек ауданы, біреуі Орал қаласы Зашаған кентінде.

Елдос Сафуллин, БҚО Білім басқармасының басшысы:

- 3 ауысымды мектеп 13 мектеп тіркеліп тұр. 9 «Келешек мектептері» енген кезде сол 13 мектептің 8-нің мәселесі шешіледі. Қазірдің өзінде 4 мектептің мәселесі шешілді. Жалпы 3 ауысымды мектептерде оқып жатқан 12 мыңнан астам оқушы бар еді. Соның 10 мыңнан астамының мәселесі шешіліп, осындай жақсы ортада оқиды.

Орал өңірінде еліміз егемендік алғалы 93 білім ордасы бой көтерсе, соның 26-ы соңғы 3 жылда салыныпты. Ал күні бүгін облыста 25 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов