Қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға рақымшылық жасалады. Олардың 4100-і қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан толық босатылады. Ал 11 000 адамға негізгі жаза мерзімі мен көлемі қысқартылады. Сенат бүгін Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады. Қабылданған құжатта азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша сотталғандарды жазадан босату көзделген. Атап айтқанда, қылмыстық құқықбұзушылық жасағандар немесе жеңіл дәрежедегі қылмысқа барғандар, орташа ауырлықтағы, бірақ зиян келтірмеген, не келтірілген зиянды толық өтеген немесе азаматтық талап қойылмаған істер бойынша сотталғандар және әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар – зиян болғанына қарамастан, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар амнистияға іліккен. Ал аса қауіпті қылмыстар жасаған адамдар рақымшылыққа ілінбейді.
Нұрсұлтан Тілектес