69 миллиард доллар қайда кетті? Депутат Ұлттық банкке ашықтық жоқ деп, айып тақты

Жаршы

Мәжілісте Ұлттық қордың миллиардтаған қаражатының жұмсалуына қатысты мәселе қайта көтерілді. Депутат Ерлан Стамбеков қорды басқаруда ашықтық жоқ екенін айтып, Ұлттық банкті сынға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, бүгінде Ұлттық қорда 69 миллиард доллар жиналған. Бірақ бұл қаражаттың қалай инвестицияланып жатқаны туралы қоғам да, Парламент те толық ақпарат ала алмай отыр.

“Ұлттық банк осы активтерді басқарады. Алайда инвестиция құрылымы, тәуекел деңгейі мен табыстылық жөнінде мәлімет ашық емес. Есептерде бұл деректер мүлде көрсетілмеген” – деді депутат.

Ол Жоғарғы аудиторлық палатаның да есептердің толық еместігін растағанын алға тартты. Қай мемлекетке, қандай валютада қаражат салынғаны, қордың тұрақтылығын сынайтын стресс-тест нәтижелері – барлығы тасада қалған.

“Норвегия, Сингапур, Абу-Даби қорлары халыққа толық есеп беріп отыр. Ал бізде бұл жүйе әлі де көлеңкеде. Ең сорақысы – Ұлттық банк әрі қаржыны басқарып, әрі өзін өзі қадағалап отыр. Бұл – ашық мүдделер қақтығысы” – деді Ерлан Стамбеков.

Ол Ұлттық банкке халықаралық стандарттарды неге енгізбегенін сұрап, сыртқы бақылау органы немесе қоғамдық кеңес құру қажеттігін алға тартты.

Мәселе төңірегінде жауап берген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ерұлан Жамаубаев бұрын есептердің шала жарияланғанын мойындады. Бірақ биылдан бастап ашықтық артатынын жеткізді.

“Барлық есеп Қаржы министрлігіне өткізіледі. Президент жарлығымен бекітілген құжаттар да жинақталады. Бұған дейін кейбір мәліметтер халықаралық сот процестеріне байланысты берілмей келді. Енді арнайы жарлық күшіне еніп, есептер жария түрде ұсынылады. Валюта, табыстылық сияқты көрсеткіштер де ашық болады” – деді ол.

Жамаубаевтың айтуынша, қордың жұмысын бақылау үшін арнайы кеңес пен комиссия жұмыс істеп жатыр. Олар жоспардың орындалуын тексереді. Сонымен қатар, алдағы уақытта есептер тұрақты түрде жарияланып тұрады.