Израиль Тегерандағы зымыран ататын және сақтайтын 12 нысанды атқылады. Сондай-ақ парсы елінің астанасына 1 сағат ішінде 25 снаряд бағытталған. Ирандағы құрбандар саны 224 адам. 1300-ге жуығы жараланған.
Эфи Дефрин, Израиль әскерінің ресми өкілі:
- Біз «Өр арыстан» операциясының 5-ші күніндеміз. Иранның ядролық, баллистикалық және қолбасшылық орталықтарын жермен-жексен еттік. Иран режимі ядролық қаруға қол жеткізу үшін көптеген жылын сарп етті, миллиардтаған ақшаға нысандар тұрғызды. Біздің миссиямыз айқын. Біз қауіп-қатерді түбірімен жоюды көздейміз. Израиль бірнеше майданда күресіп жатыр. Ираннан бөлек, Газада 53 тұтқынды ұстап отырған ХАМАС-пен соғысып жатырмыз.
Иран жазалау операциясын бастайтынын ескертті
Иран Израильдің солтүстік және оңтүстік бөлігін зымыранмен атқылады. Тель-Авив, Хайфа және Құдыс жақта жойқын жарылыстар естілген. Билік тұрғындарды бомбаханаға тығылуға қайта-қайта шақырып жатыр. Мәлімет бойынша Израильдегі құрбандар саны 24 адамнан әлі өзгерген жоқ. 500-ден астам кісі жараланған.
Абдулрахим Мусави, Иран әскерінің қолбасшысы:
- Осы сәтке дейін жүргізілген операциялар ескерту үшін ғана болды, енді жазалау операцияларын бастаймыз. Басып алынған аумақтардың, әсіресе Тель-Авив пен Хайфа тұрғындарына тез арада кетуді, Нетаньяхудың айуандық әрекеттерінің құрбаны болмауды ескертеміз.