Си Цзиньпин: "Қытай мен Қазақстанның достығы – ғасырларға негізделген серіктестік"

Жаршы

Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасымен келіссөз жүргізді, деп жазады inbusiness .kz сайты.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қазақ жерінде көрсетілген ерекше сый-құрметке ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елдің жаңа ұлттық жаңғыру кезеңіне аяқ басқанын атап өтті.

– Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Қазақстанның жетістіктеріне тәнтіміз, сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынақтарына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық жақындықтың немесе тарихи достықтың ғана емес, елдеріміздің өркендеуге деген ортақ ұмтылысының нәтижесі, – деді Қытай басшысы.

Си Цзиньпин соңғы жылдары бірлескен күш-жігер арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа мазмұнмен толығып жатқанын айтты. Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар іске асырылып, бұл қос халыққа нақты пайда әкелуде.

– Мен Қазақстанмен бірге жұмыс істеуге, Қытай-Қазақстан достығын одан әрі нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге әрдайым дайынмын. Бұл өңір мен әлем дамуына да елеулі үлес қосады, – деді ҚХР Төрағасы.

Келіссөздер барысында тараптар екі ел ынтымақтастығының барлық бағыты бойынша болашағын жан-жақты талқылады. Байырғы достық пен өзара құрметке негізделген әңгіме емен-жарқын жағдайда өтті.