Сеулде ақылды роботтар көрмесі өтті

Жаршы

Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект құрылғыларының халықаралық көрмесі өтті. Онда барлық жағдайға арналған роботтар таныстырылды. Халықаралық көрмеге 500-ге жуық өндіруші компания қатысты.

Қазіргі таңда роботтар адамды кез келген салада алмастыра алады. Бұған Сеулдегі көрмеге келгендер көз жеткізді. Жасанды интеллект әскер саласында кеңінен қолданылып жатыр. Мысалы алюминиймен қапталған мына ит жау көзіне түспей, төбелер мен баспалдақтардан секундына 3 метр жылдамдықпен қозғалып, үш сағат үздіксіз жұмыс істей алады. Құрылғы барлау камераларымен және мина анықтайтын сенсорлармен жабдықталған. Ал мына ақылды құрылғы болашақта аудармашы мамандығын жоюы мүмкін. Шетелдікті түсіну үшін енді адамға салмағы 48 граммдық көзілдірік кию жеткілікті. Әңгімелесушінің айтқан сөзі көзілдіріктің әйнегінде мәтін ретінде көрсетіледі.

Ву Фэй, ІТ компанияның атқарушы директоры:

- Біз 100-ден астам тілді қолдаймыз, олардың қатарында орыс және қазақ тілдері де бар. Ең алдымен бұл көзілдірік синхронды аударма үшін қажет. Сондай-ақ есту қабілеті нашар адамдарға өте пайдалы. Егер адам әңгімелесушінің сөзін естімесе, көзілдірік оны мәтінге айналдырып, линзаның бетіне көрсетеді. Құрылғы өшірілген кезде – бұл жай ғана кәдімгі көзілдірік.

Ал мына құрылғылар қазірдің өзінде кейбір оңтүстіккореялық компанияларда еден жуушы мен тазалықшының орнын басып жатыр. Олар қоқыс жинап, еден жуа алады. Роботтар бір сағат ішінде мың шаршы метр аумақты тазартуға қабілетті. Сонымен қатар олар кедергілерді айналып өтіп, есік пен лифтіні таниды. Көрмеге келушілер ақылды мүгедектер арбасына отыруға мүмкіндік алды.

Бұл — Оңтүстік Кореядағы алғашқы ақылды мүгедектер арбасы. Ол салмағы жүз килограммға дейінгі науқасты қажетті жерге жеткізе алады. Мұндай құрылғылар Сеулдегі ауруханалар мен кітапханаларда қолданыла бастады.

Жалғызбасты зейнеткерлер арасында үстел үсті роботтар танымал. Егде жастағы адамдар үшін бұл – әрі ақылды құрылғы, әрі әңгімелесуші, әрі күтуші. Егер иесіне бірдеңе болса, ол жедел жәрдем шақыра алады.

Чон Джин Хён, Wonderful Platform компаниясының менеджері:

- Басқа роботтарды тек дауыс арқылы шақырып, бұйрық беру қажет болатын. Ал біздің робот ең бірінші болып сөйлей алады, егде жастағы адамның жағдайын сұрайды. Роботтың жадында диалогтар сақталады, адамның денсаулығы, өмір салты мен эмоционалды күйі туралы ақпарат жиналады. Бұл мәліметтер қамқоршы немесе жергілікті әкімдікке беріледі.

Қазірдің өзінде Оңтүстік Кореяда 20 мыңнан астам жалғызбасты қария үстел үсті роботтарды қолданып жүр. Олардың ең егдесі 90 жастан асқан. Жасаушылардың айтуынша, ақылды құрылғыларға деген сұраныс жыл сайын арта береді. Себебі Корея қоғамының қартаюына қатысты болжамдар көңіл көншітпейді. 2070 жылға қарай 65 жастан асқан тұрғындар ел халқының жартысына жуығын құрауы мүмкін.

Владислав Цой