Әлемдік геномика ғылымына үлес қосып жүрген АҚШ-тағы қазақ қызы ғылымды дамытудың жолын айтты

Жаршы

Халықаралық ғылыми қауымдастықта өзіндік орны бар, молекулалық биология мен инфекциялық аурулар саласында зерттеу жүргізіп жүрген жас ғалым – Нышан Ұлпан бүгінде АҚШ-тағы Atlantis University-де магистратурада білім алып жатыр. Ол ғылымды дамытудың жолы мен геномика саласын зерттеудің маңызы туралы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Ұлпанның айтуынша, ғылым жолына қызығушылығы студент кезінен басталған. Еуразия ұлттық университетінде ғылыми биология мамандығында оқып жүргенде геномика бағытына ден қойған жас зерттеуші кейін Назарбаев Университетінде тәжірибеден өтіп, заманауи зертханалық әдістерді меңгерген.

"Мен алғаш рет ДНҚ секвендеуге арналған Oxford Nanopore технологиясымен дәл осы жерде таныстым. Бұл – молекулалық деңгейде ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін тиімді әрі үнемді әдіс. Қазақстан үшін бұл технология инфекциялық ауруларды дер кезінде диагностикалау мен тұлғалық медицинаны дамытуға жол ашады", – дейді жас ғалым.

Қазір Ұлпанның басты жобасы – Қазақстандағы туберкулёз қоздырғыштарының генотиптерін анықтау. Ол Nazarbayev University жанындағы геномика зертханасында келесі әдістер бойынша жұмыс істеген: ДНҚ бөліп алу және флуорометриялық талдау (Qubit), агарозды гельде электрофорез жүргізу, MIRU-VNTR әдісімен генотиптеу, Oxford Nanopore технологиясымен ДНҚ секвендеу. Бұл зерттеу 2024 жылы Ресейдің Пенза қаласында өткен халықаралық байқауда бірінші орынға ие болды.

Оның айтуынша, генетикалық зерттеулер болашақта көптеген аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Генетикалық мутацияларды ерте кезеңде анықтау – онкология, жүрек-қан тамыр аурулары мен тұқым қуалайтын дерттерді дер кезінде емдеуге жол ашады.

"Ғылым мен практиканы ұштастыру маңызды. Бізге ең қажеті – инфрақұрылым, биотехнологияға инвестиция тарту, және, әрине, жас ғалымдарға қолдау көрсету. Қазақстанда генетикалық диагностика мен биоинформатика саласында стартаптар ашуға толық мүмкіндік бар, тек жүйелі қолдау жетіспейді", – дейді ол.

АҚШ пен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін салыстыра келе, Ұлпан америкалық тәжірибеден цифрлық медицина мен сақтандыру жүйесін енгізуді, университет жанындағы клиникалық зерттеулерді дамыту қажет екенін айтады. Сонымен қатар жасанды интеллект пен генетикалық деректерді өңдеудің маңызын ерекше атап өтті.

"Жас ғалымдардың ағылшын тілін меңгеріп, халықаралық ғылыми ортаға енуі өте маңызды. Ғылым тілі – бүгінде ағылшын. Қол жетімді ақпарат, заманауи әдіс пен зерттеу құралдары сол тілде. Қорықпай, белсенді болу керек. Қазіргі таңда менің де басты мақсатым – алған білімімді Қазақстан ғылымына пайда әкелетін нақты жобаларға айналдыру", – дейді ол.

Нышан Ұлпан ғылымдағы әйелдердің орнын да атап өтті. Оның пікірінше, ғылымға ер немесе әйел деп бөлінбей, ізденіске, еңбекке әділ мүмкіндік берілгенде ғана сала дамиды.