Қазақстанда Илон Масктың SpaceX компаниясына тиесілі Starlink жобасы аясында спутниктік интернет қолжетімді болады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink арасындағы келісімнен кейін белгілі болды.
Министр Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұған дейін Starlink тек пилоттық режимде жұмыс істеп, интернетті мектептерге ғана ұсынып келген. Халыққа ресми түрде қолжетімді болмаған. Енді тараптар келісімге келіп, компания Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы заңнамалық талаптарын толық орындауға міндеттелді. Осылайша, 2025 жылдың ішінде барлық қажетті шаралар жүзеге асырылып, азаматтар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады.
Starlink-ті заңдастыру және сату басталуы
Келісім бойынша енді қазақстандықтар Starlink терминалдарын ресми түрде сатып алып, қолдана алады және тіркей алады. Бұған дейін бұл жабдық тек білім беру мекемелеріндегі пилоттық жобаларда қолданылған және кең ауқымды пайдаланушыларға қолжетімсіз болған.
Компания енді Қазақстан заңнамасының барлық талаптарына, соның ішінде ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс стандарттарына сай жұмыс істейтінін растады. Starlink құрылғыларын сату 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр.
Қазақстанның шалғай өңірлері интернетпен қамтылады
Жоба ең алдымен талшықты-оптикалық желі жүргізу экономикалық немесе техникалық тұрғыда мүмкін емес елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтуды көздейді. Бұл – жайылымдар, таулы ауылдар, шалғай кәсіпорындар мен цифрлық инфрақұрылымнан тыс қалған өзге де аймақтар.
Starlink интернеті ауыл мектептеріне, медициналық мекемелерге, мобильді топтарға және инфрақұрылым нысандарына қолжетімді болады.
Starlink дегеніміз не?
Starlink — Илон Масктың SpaceX компаниясы әзірлеген жаһандық спутниктік интернет жүйесі. Ол Жердің төменгі орбитасында (шамамен 550 км) айналатын мыңдаған спутник арқылы ең шалғай және қол жетуі қиын аймақтардың өзінде жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етеді.
Дәстүрлі спутниктік интернетпен салыстырғанда, Starlink-тегі сигналдың кідіру уақыты (ping) төмен, бұл видеобайланыс, стриминг және онлайн жұмыс істеуге мүмкіндік береді, тіпті ауылдық жерлерде де.
Жүйе құрамына мыналар кіреді:
Спутникке автоматты түрде бағытталатын терминал-табақша (Dish)
Wi-Fi роутер
Қосылу мен бақылауға арналған Starlink қосымшасы
Еске сала кетейік, 2023 жылы Қазақстан азаматтарына Starlink интернетін қолдануға тыйым салынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін министр Жаслан Мәдиев бұл қызметті заңдастыру бағытында келіссөздер жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Енді, міне, нақты қадам жасалып, Starlink интернеті елімізде ресми іске қосылады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз