Қазақстан мен Қырғызстанның парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті. Тараптар жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыру барысын және екі елдің заңнамалық органдары арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды кеңейтуді талқылады. Қос ел арасындағы басты мақсаттардың бірі — 2030 жылға қарай арадағы тауар айналымын 3 млрд АҚШ долларына жеткізу. Сондай-ақ сауда-экономикалық және логистикалық салалардағы серіктестікті нығайту. Мәселен, шекаралық пункттердің өткізу қабілетін арттыру және транзиттік дәлізді жеңілдету және «Алматы-Ыстықкөл» автожолын салу сынды жобалар бар.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Көшбасшыларымыздың екі жақты кездесулерінің қарқындылығы парламентаралық байланыстардың жиілігіне де тікелей әсер етеді. Біздің ендігі мақсатымыз осы екпінді сақтап, қарқынды одан әрі нығайту. Бүгінгі кеңес отырысы да осыған арналып отыр. Осы ретте екі ел үкіметі бірлесіп жұмыс істеп жатқанында атап өткен жөн. Өз кезегінде біздің парламенттер оларды заңнамалық тұрғыда қолдауды қамтамасыз етуде.
Ернұр Медет