Былтыр елімізде өндірістік қауіпсіздіктің сақталмауынан жұмыс орнында 200-ден астам адам қаза тапқан

Жаршы

Былтыр елімізде өндірістік қауіпсіздіктің сақталмауынан жұмыс орнында 200-ден астам адам қаза тапқан. Жазатайым жағдайлардың басым бөлігі тау-кен саласында болады. Бүгін Үкімет отырысында оқыс оқиғаларды болдырмау, алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар тағы бір пысықталды. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы ретімен баяндайды.

2023 жыл. Қарағанды облысы. Кастенко шахтасы. Өрт шығып 46 кенші қаза тапты. 2024 жыл. Павлодар облысы, Майқайың кеніші. Шахта опырылып, 4 жолаушысы бар автобус жер астына құлап кетті. 2025 жыл. Ақтөбе облысы, «Болашақ» шахтасы. Жарылыс болып, 4 кенші зардап шекті. Ұлытау облысындағы «Жомарт» кенішінде де апат болып, 7 жұмысшы мерт болды. Бұл тек ірі апаттар ғана.

Жалпы былтыр ел көлемінде 1400-ден астам адам жұмыста жүріп жарақат алса, 202 адам мерт болған. Бүгінде 445 мың адам зиянды немесе қауіпті нысанда еңбек етіп жүр. 16 мыңға жуық адам еңбекке жарамсыз болып қалған.

Солардың бірі маңғыстаулық – Нұрболат Себепов. Жылдар бойы мұнай өндіру кәсіпорнында дәнекерлеуші болған. Сол жерде жүріп, мұнай өнімдерінен бөлінетін газдарға уланған. Талай аурухананың табалдырығын тоздырып, өзінің кәсіптік мүгедек болғаны туралы анықтама алады, оны сотпен де дәлелдейді. Алайда 20 жылдан бері өзіне тиесілі өтемақыны да, ай сайын төленуі тиіс жәрдемақыны да ала алмай келеді.

Нұрболат Себепов, Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны:

«Маңғыстаумұнайгаз» мұнайды суша сапырып отырса да жағдайы жоқ екенін айтты. Менің де алдымда бірнеше адам осындай жағдайға душар болды. Халықаралық шарттардың ережелеріне сәйкес төлем жүргізуі керек. Ол жерде төлемі өте жоғары. Біріншіден, соны орындаулары тиіс. Екінші талабым – 2005-тен бастап дәнекерлеушінің жалақысын төлеу. Және кәсіптік ауру деп танып, барлық әлеуметтік төлемдерді төлеуі керек.

Бұған дейін жұмыста жарақат алғандар жеке компаниядан өтемақы алу үшін біраз сабылатын. Оқыс оқиғаға жұмысшының өзі кінәлі болса тіпті төлемсіз қалуы мүмкін еді. Енді заң бұған жол бермейді.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

2024 жылдан бастап кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу бойынша сақтандыру төлемдерін тағайындағанда жұмыскердің кінәсін есепке алу тоқтатылды. Бұрын мұндай жағдайлар төлемдерден бас тартуға себеп болды. Енді барлық зардап шеккендерге жағдайына қарамастан қолдау көрсетіледі.

Жуырда Астанада болған автобус апаты кезінде де еңбек қауіпсіздігі бұзылған болуы мүмкін дейді министрлік өкілдері. Қазір тексеру жүріп жатыр. Жүргізуші жолаушылардың өміріне жауапты болғандықтан бұл жұмыс та қауіпті қызметтердің тізіміне енгізілген. Олар бір күн жұмыс істеп, бірнеше күн тынығуы тиіс. Алайда, жүргізушілердің арасында режимді бұзып, күнделікті рейске шығатындар да бар.

Ерболат Әбілхатин, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі комитет төрағасы:

Осыны болдырмау үшін ауысымды 8 сағаттық жұмыс режимі бізде енгізілген. Дей тұрғанмен жүргізушілер қосымша табыс табу үшін немесе өзінің табысын арттыру үшін сондай режимге қосымша жұмыс істеуге келісіп отыр. Ондай да оқиғалар бар.

Өндірістік апаттардың ең көбі тау-кен саласында тіркеледі. Қазір ел бойынша құрылғылары 74 пайызға тозған 50 ірі кәсіпорын анықталған. Үкімет оларға қауіпсіздік пен заманауи құрылғы алуға бөлінетін қаржыны көбейтуді міндеттеді. Төтенше жағдайлар министрі мұндай олқылықтар шағын кәсіпорындарда да көп кездеседі деп отыр.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

Жыл басынан бері 16 мыңға жуық нысан тексеріліп, жүз мыңнан астам бұзушылық анықталды. Жұмысшылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупін туғызатын өрескел бұзушылықтарға байланысты 7,5 мыңнан астам нысанның жұмысы тоқтатылды.

Сонымен барлық қауіпті нысанның ақпараттық базасы цифрландырылатын болды. Кейін ол жердегі еңбек қауіпсіздігінің сақталуы қашықтан бақыланады. Тәуекелдердің бар екені байқалса еңбек инспекторлары ескертусіз барып тексере алады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Жазатайым оқиғаларды азайту үшін жұмыс берушілер жарақаттануға, әсіресе адам өліміне алып келетін жағдайларды болдырмайтын еңбек қауіпсіздігін, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыруды қамтамасыз етуге міндетті. Бір ғана еңбек министрлігінің күш-жігері аз болады. Бұл барлық мемлекеттік органдардың әкімдіктер мен кәсіпорындардың бірлесіп атқаратын ауқымды жұмысына айналуға тиіс.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Компанияның абыройы мен иммиджі үшін өндірістік апаттарды жасырып қалғысы келетін кәсіпорындар бар. Үкімет басшысы мұндай бассыздықтарды болдырмау үшін жаңа заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Ал төтенше жағдайлар министрлігі жыл соңына дейін қауіпті деп танылған барлық кәсіпорындарды тексеріп шығатын болды. Өйткені күн сайын еңбек ету үшін ерлікке бару міндет болмауы тиіс.

Оңғар Алпысбайұлы