Тараздағы әлеуметтік баспанада инфрақұрылым жоқ болып шықты

Жаршы

Таразда жаңа салынған әлеуметтік баспана тұрғындары әлі күнге инфрақұрылым игілігін көре алмай келеді. «Әулиеата» әуежайына қарама-қарсы тұрған көпқабатты нысан былтыр ғана әлеуметтік осал топтағы отбасыларға берілген. Бұған дейін қонақ үй болған ғимарат тұрғын үй ретінде қайта жаңғырған.

Алайда 3 ай бұрын қоныс тойын тойлағандардың көңілі су сепкендей басылды. Өйткені тұрғындар қысымы мен қуаты әлсіз су мен электр көзін әуежайдан алып отыр. Бұған себеп – мердігер құрылыс кезінде су сұрап, жарық жалғаған. Кейін су жүйесі салынбай, сол күйі қалған. Ал ауласында балалар алаңшасы мен автотұрақ та жоқ.

Марияш Рысбекова, Тараз тұрғыны:

Қазір аэропорттан бізге подача беріп тұрған кісілер бізге хабарлама жіберіп тұр. Бірінші маусымда суды өшіреміз деп. Ал 41 пәтер айдалада тұрған, біз қалып бара жатырмыз ғой сонда елден. Ешкім біздің мәселемізді шығарып жатқан жоқ, келеді, уәде етіп кетеді, болды.

Мердігер тіршілік көзін тарту үшін үй ауласынан ұңғыма қазған. Бірақ баспана алдынан құдық қазуға болмайтындықтан қайта көмген. Енді шенділер әуежайдың су станциясын жаңғырту арқылы мәселені шешпек. Ал электр қуатын тарту үшін жаңа жоба жасамақ.

Дамир Жаманбаев, Тараз қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазір сессияны күтіп отырмыз. 13-маусым күні сессия болады, судың көлемін ұлғайту сессияда қаралатын болады. Одан кейін қосымша аэропорт берген ұсыныс бойынша сорғыны ауыстырып береміз, өйткені қуаты кішкентай болғандықтан біз ол сорғыны осы аптаның аяғына дейін ауыстырып беру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Данияр Әлімқұл