Астананың қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қалалық прокуратурамен бірлесіп мегаполис аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің өз бетінше салыну фактілерін анықтап жатыр.
Қазіргі уақытта басқарма мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, "Mardan" тұрғын үй кешенінің құрылысы бойынша заңбұзушылықты анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тексеру нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмысы "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңына сәйкес қажетті рұқсат құжаттарынсыз басталғаны белгілі болды.
Мердігерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда бұл талап орындалмағандықтан, сот құрылыс салушыны өз бетінше салынған нысанды бұзуға міндеттеді. Заңды күшіне енген сот шешімін орындау аясында Астана қаласы әділет департаменті нысанды мәжбүрлеп бұзу жұмысын жүргізіп жатыр.
Осыған дейін осындай жолмен "Inter Stroy Astana" ЖШС салған "QURMANGAZY" тұрғын үй кешені де заңсыз салынғаны үшін бұзылған болатын.