Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегацияларының екінші тікелей келіссөзі өтті.
Кездесу барысында тараптар бірқатар жаңа келісімге келді. Сарапшылар бұл басқосудың маңыздылығы – екі елдің дипломатиялық диалогты жандандырып, қарулы қақтығысты тоқтатуға деген ұмтылысы деп отыр.
Ыстамбұлдағы кездесу бір сағаттан астам уақыт жалғасып, тараптар қарулы қақтығысты тоқтату бойынша ұстаным-талаптар көрсетілген құжаттармен алмасты. Сонымен қатар, соғыс тұтқындарын айырбастау туралы уағдаласты.
Рүстем Умеров, Украина Қорғаныс министрі:
-Біз соғыс тұтқындарын айырбастау туралы жаңа келісімге келдік. Ауыр жараланған және қатты сырқаттанған тұтқындарға қатысты "барлығын барлығына" айырбастауға уағдаластық. 18 бен 25 жас аралығындағы сарбаздарға қатысты осындай шешімге келдік. Сондай-ақ, қаза тапқан 6 мың жауынгердің мәйітін қайтаратын болып келістік.
Владимир Мединский, Ресей делегациясының басшысы:
- Украина тарапы атысты тоқтату қажеттігі туралы жалпы сипатта айтып отыр. Ал біз майданның кей учаскелерінде екі-үш күн оқ атпау жөнінде нақты ұсыныс жасадық. Мәселені енді біздің және украиналық әскери мамандар пысықтайды.
Басқосуда тараптар соғыстан ата-анасынан ажырап қалған балалар жайын да қарастырды. Украина 339 баланың тізімін ұсынды. Ресей делегациясының мәліметінше, соңғы уақытта 101 бала қайтарылған.
Рүстем Умеров, Украина Қорғаныс министрі:
- Біз Ресейге депортацияланған бірнеше жүз украиналық баланың тізімін тапсырдық. Бұл мәселе біз үшін негізгі басымдықтардың бірі.
Владимир Мединский, Ресей делегациясының басшысы:
- Украина жағынан балалардың толық тізімін алдық. Көріп отырғандай, бұл 1,5 миллион немесе 20 мың емес, 339 есім. Әр бала бойынша жұмыс істейміз. Осы уақытқа дейін біздің Бала құқықтары жөніндегі уәкілетті өкіліміздің кеңсесі 101 баланы, ал Украина жағы 22 баланы қайтарды.
Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Ыстамбұлдағы келіссөзді оң бағалады. Алдағы уақытта АҚШ президентінің қатысуымен төрт ел басшысының кездесуін ұйымдастыруға күш салатынын жеткізді.
Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Бұл шынында да нәтижелі келіссөз болды. Қос тарап өткен жолғыдан да көп тұтқынды айырбастау туралы келісімге қол жеткізді және қаза болған жауынгерлердің мәйіттерін жеткізуге уағдаласты.
Басқосуда Украина делегациясы 20 мен 30 маусым аралығында екі жақты тікелей келіссөздің үшінші раундын өткізуге шақырып, екі ел басшысының кездесуін ұйымдастыруды ұсынды. Бірақ Ресей тарапы оған келісім бермеді.
Меруерт Қанағат