8 қарашада Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Испанияның Барселона қаласында алғашқы жеке концертін өткізеді, деп хабарлайды 24KZ. Осы іс-шараға байланысты әнші мен оның командасы Испанияның мәдени астанасында баспасөз мәслихатын өткізіп, жанкүйерлердің сұрағына жауап берді.
Жаздың алғашқы күндеріндегі Барселонадағы аптап ыстық ән әлемінің жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлеріне еш кедергі бола алмады. Сүйікті әншісін көру үшін шаһардағы баспасөз мәжілісіне Испанияның өзін айтпағанда Канада, АҚШ, Италия, Франция, Бельгия қалаларынан тыңдаушылар ағылды. Ал кездесуде қазақтың біртуар ұлына ізгі тілектері мен ыстық ықыластарын білдіріп жатты.
Рейчелл, Димаш Құдайбергеннің жанкүйері:
- Димаштың өнерімен танысқаныма 5-6 жыл уақыт өткен шығар. Содан бері жанкүйеріне айналдым. Әсіресе осы «Дударай» әні ерекше жаныма жақын. Бүгін әншінің өзіне шырқап бердім, қатты толқыдым.
Барселонадағы баспасөз мәжілісінде осылай қазақша ән шырқаушылар қарасы көп болды. Халқымыздың ұлттық киімін арнайы киіп келгендер де көптеп кездесті. «Димаш испандықтардың арасында қазақтың тіліне деген махабатты оятушы», – дейді Мадрид қаласындағы «Casa Kazaja», яғни «Қазақ үйі» деп аударылатын ұйымның жетекшісі Жаннат Амангелді.
Жаннат Амангелді, Испаниядағы «Қазақ үйі» ұйымының жетекшісі:
- Осы шараны бұрыннан күтіп, концертіне бәріміз баратын болып жатырмыз. Испандықтарға ол дейтін өте тамаша концерт болайын деп тұр. Тек испандықтар емес, Латын Америкасынан, Америкадан келетін адамдар көп. Неге десеңіз, ұшақ, көлік қатынасы өте жақсы.
Қазақстанның халық әртісі әрі ізгі ниет елшісі Димаш Құдайбергеннің Испанияның Барселона қаласында алғашқы жеке концерті биыл 8 қарашаға жоспарланған. Бұл кеш – оның Еуропадағы «Stranger» турының бір бөлігі. Осы іс-шара аясында әнші Лондон, Берлин және Ригада да өнер көрсетеді.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач