Сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты марқұм Шерзат Болатқа, оның әкесі мен ағасына қатысты Қылмыстық кодекс аясында жеке шешім шығаруды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бүгін жарыссөзде сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Гауһар Баймұханова Шерзат Болатты, оның әкесі Қаржаубай Нұрымовты және Нұрқанат Ғайыпбаевты бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартуды сұрады.
"Мейірман Шекеев жарыссөзінде өз қорғауындағы тұлғалардың атыс қаруын қолданғанын растап өтті және бейнежазбаларға сәйкес, Қаржаубай Нұрымов үш рет дүкеннен пышақты бірінші болып алып шығып, қолданғанын ескеріп, құрметті сот, Қазақстан қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлімінде көрсетілген қылмыстық құрамның болуына байланысты Болат Шерзатқа, Ғайыпбаев Нұрғанатқа, Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қылмыстық іс қозғау туралы жекеше қаулы шығаруыңызды сұраймын және аталған қаулыны Алматы облысы прокуратурасына процессуалдық шешім қабылдау үшін жолдауды сұраймын", — деді адвокат Гауһар Баймұханова.
Шерзат Болаттың қазасы
Естеріңізге сала кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғар қаласында ер адамдар арасында жанжал шығып, соңы төбелеске ұласқан еді. Жанжал салдарынан екі жігіт аудандық ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі алған жарақатынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Кейін марқұм болған 16 жастағы Шерзат Болат есімді бозбала екені хабарланды. Полиция кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер ұсталғанын мәлім етті.
Бұл оқиғадан кейін марқұм Шерзат Болаттың әкесі соттың ашық әрі әділ өтуін талап етіп мәлімдеме жасады.
10 қазанда марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов істің мән-жайын айтып тағы бір үндеу жасады.
12 қазанда құқыққорғаушы Саида Тәукелева желідегі жеке парақшасында марқұм Шерзат Болаттың отбасына тиесілі үй өртеніп кеткенін жазып, видео жариялады. Артынша облыстық полиция департаменті мүлікті қасақана жою дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Кейін бас прокуратура өкілдері мәлімдеме жасап, жәбірленушілердің үйін өртеу фактісі бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылғанын және қылмыстық iс бас прокурордың бақылауына алынғанын жеткізді.
9 желтоқсанда Талғар маңында марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылды.
10 желтоқан кешке Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстап әкеткені мәлім болды. Бұл жағдай Талғар ауданы Азат ауылында Нұрымовтың інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін болған.
Кейін Қаржаубай Нұрымов "бұзақылық" айыбымен 15 тәулікке қамауға алынды. Сот Нұрымовтың бір қарындасына да дәл осындай жаза тағайындады.
Биылғы 21 қаңтарда марқұм Шерзат Болаттың өлімі бойынша тергеу аяқталғаны белгілі болды.