Биыл шетелдік ынтымақтастық шеңберінде 13 жоғары оқу орны мен жекелеген филиалдар үшін 1,5 мыңға жуық грант көзделген.
Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Кадрлар даярлау бағытында қандай шаралар қолға алынды?
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Бұл тұста алдымен «Болашақ» бағдарламасына тоқтала кетсек. Ауқымды жоба халықаралық деңгейдегі кадрларды даярлауға бағытталған мемлекеттің инвестициясы. Былтырдан бері бұл жоба шетелдің 273 жетекші оқу орнында білім алуға мүмкіндік берді. Ғылыми тағылымдамалар үшін бүкіл әлем бойынша 1108 университет пен ғылыми ұйымда 270 мамандық қарастырылған. Халықаралық бағдарламаға тапсыратын құжаттар тізіміне биыл бірқатар өзгеріс енгізілді.
Арман Ашкин, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Конкурстық іріктеуге біз сұрыптау механизмін енгіздік. Бұл нені білдіреді? Үміткерлер бірінші кезеңде кешенді тестілеуден өтеді. Осы кешенді тестілеуден жеткіліксіз балл жинаған үміткерлер екінші кезеңге өткізілмейді. Дәл солай 2-кезеңде тәуелсіз сарапшылармен әңгімелесу, сұхбат өткізіледі. Осы сұхбат қорытындысы бойынша жеткіліксіз балл жинаған үміткерлержің құжаттары республикалық комиссияның 3-кезең отырысына шығарылмайды. Бұл бірінші өзгеріс. Екінші өзгеріс – әр үміткер осы құжаттарын өткізген кезде мотивациялық хатты тапсыру керек болады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңа оқу жылында қанша грант бөлінетіні жайлы хабарлады. Елдегі білім ордаларының бакалавриаты үшін 77 мың грант қарастырылған. Бұл көрсеткіш былтырғымен шамалас. Ал магистратураға 10 мыңнан астам, доктарантураға 3 мыңға жуық грант бағытталады.
Жанна Есінбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
- Былтыр 1819-дан 2919-ға көбейткенбіз. Биыл да сол 2919 гранттың көлемінде сақталып отыр. Яғни, жалпы көлемі 90 мыңнан астам грант қарастырылады. Бұған Денсаулық сақтау министрлігінің, мәдениет саласына бөлінетін гранттардың бәрін қосқан кезде 94 мыңнан астам грант қарастырылады деп жоспарланған.
Білім гранттарның 60%-і инженерлік-техникалық, ақпараттық-коммуникация салаларына бағытталады. 20%-і болашақ педагогтарға тиесілі. Ал қалғаны өзге салаларға арналған. Сонымен қатар биыл шетелдік ынтымақтастық негізінде 13 ЖОО мен жекелеген филиалдар үшін бакалавриатқа 1500 грант бөлінеді.
Жанна Есінбаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің комитет төрағасының орынбасары:
- Бұл Америка, Ұлыбритания, сондай-ақ Германия елдерінен келген ЖОО филиалдарына қарастырылады. Ол жерде де көбіне инженерлік мамандықтарға грант бар. Ақпараттық-техникалық коммуникацияларға бар. Енді қазір ЖИ-ге қатысты бағдарламаларға сұраныс жоғары. Осы бағытта да гранттар жайлы ақпараттар қолжетімді сайтта.
Министрліктің мәліметінше, құжат қабылдау дәстүрлі түрде шілде айының ортасынан бастап жүргізіледі.
Авторы: Еркебұлан Смадияров