Павлодарда HAS қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

Жаршы

Олар өздерін инвестициялық компания ретінде таныстырып, азаматтарды күмәнді жобаларға ақша салуға үгіттеген, деп хабарлайды 24kz.

Сөйтіп ай сайын 70%-ке дейін пассивті табыс табуға болады деп сендірген. Дегенмен, пирамиданы ұйымдастырушылардың заңсыз әрекеті әшкереленіп, олар сот үкімімен 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ құны 1 миллиард теңге болатын мүлік зардап шеккендердің пайдасына тәркіленді.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Қаржылық пирамидаға 5 мыңнан астам салымшы тіркелген. Сот 5 қатысушыны 6 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу мақсатында салымшылардың ақшасына алынған 1 миллиардтан астам теңге құны бар мүлік тәркіленді. Активтер қатарында 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары, коммерциялық емес ғимарат және есепшоттардағы ақша қаражаттары бар.