Ел үздіктері Алматыға жиналды. Онда самбо мен қазақ күресінен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған әскерилер арасындағы ашық біріншілік өтті, деп хабарлайды 24kz.
Армияшылар спорт кешенінде ұйымдастырылған жарысқа 400 ден аса қатысушы жиналды. Самбошылар 7 салмақта сынға түсіп, Айбек Қалимов пен Жандос Бейсенбаев, Арнұр Қуатай мен Санжар Нұрсейіт, Азат Қуанов пен Болат Сапар және Әділ Оразбаевтар өз салмақтарында оза шапты. Ал, жарыстың екінші күні қазақ күресінің мықтылары боз кілемге шықты. Нәтижесінде Бекжан Төлепов 58 келіде топ жарса, Ернұр Сүлеймен 60 келіде алдына жан салмады. Сондай-ақ Әшім Сағындық пен Жұмажан Қожамбеков, Ахметқали Әділет пен Айдар Бескемпір және Құдірет Досымовтар өз салмақтарында чемпион атанды. Алыптар бәсекесінде Ғалымжан Қырықбай ешкімге дес бермеді.
Ербол Құмарбекұлы, ҚР Қорғаныс министрлігінің аппарат басшысы:
- Қазір Қорғаныс министрлігі самбо мен қазақ күресінің дамуын басты назарда ұстап отыр. Алдағы жоспарымызды айтар болсақ, күрес залдарын заманауи үлгідегі құралдармен жабдықтап, әскери мектептерде оқитын жастардың спортпен шұғылдануына толықтай жағдай жасау. Бұл келешекте өз жемісін беріп, сортшыларымыз әлемдік биіктерді бағындырады деген үміт басым.
Арман Әбеуов, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт коммитетінің төрағасы:
- Осы жылы тамыз айында тұңғыш рет Астана қаласында қазақ күресінен әскерилер арасындағы әлем чемпионаты өтеді. Бүгінгі жарыс соған іріктеу десек те болады. Осы самбо мен қазақ күресінен ұйымдастырылған ашық біріншілікке барлық ішкі әскери құрылымдардың спортшылары қатысты. Бұл дегеніңіз, қазақ күресі мен самбоның дамуына өз ықпалын тигізіп, жастардың спортқа деген қызығушылығы арта түседі деп есептеймін.