«Қостанай» индустриялық аймағының инфрақұрылымына ₸6,5 млрд бөлінді

Жаршы

Үкімет «Қостанай» индустриялық аймағының инфрақұрылымын дамытуға 6,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Бұл қаражат елдегі ірі жобалардың бірі – КІА автокөлік зауытына қажетті автожолдар мен теміржол инфрақұрылымын салуға бағытталмақ.

Жоспар бойынша жаңа зауыт жылына 70 мың автокөлік құрастыра алады. Бұл отандық машина жасау саласына серпін беретін маңызды бастама. Бұған дейін индустриялық аймақта Беларусь пен Кировец тракторларын шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ шойын құю зауыты іске қосылған болатын. Келесі кезеңде мұнда автобөлшектер өндірісіне арналған оқшаулау орталығы мен өзге де өндірістік нысандар ашу жоспарланып отыр. Бастысы инвесторлар үшін қажетті жағдай жасалған, 400 гектар аумақ заманауи инженерлік-коммуникациялық жүйемен толық қамтамасыз етілген.

Ғайсар Оразбаев, кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

- КІА зауытына қатысты айтатын болсақ, инженерлік желіні өткізу жұмысын былтыр бастағанбыз. Қазір аяқтауға жақындадық. Үкіметтен бөлініп жатқан қаржы, соның екінші кезеңін атқаруға, яғни автожол мен теміржол салуға жұмсалады. Қазіргі кезде индустриялық аймақта тоғыз жоба түрлі денгейде іске асырылып жатыр. Бүгінде бос жер жоқ десе болады. Сондықтан оның аумағын кеңейту мәселесі туындап тұр.