Киножобаларды іріктеу басталды

Жаршы

«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» 2025 жылғы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу конкурсын жариялады. Киножобаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асады.

Бірінші кезең – фильмдердің сценарийін немесе сценарий жоспарларын қарау. Екінші кезеңде тақырыптық жоспарға сай келетін, Сараптама кеңесі іріктеген жобалардың құжаттарын жинақтау жүзеге асырылады. Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңіне қатысу үшін үміткерлер Орталыққа сценарийлерді қарауға өтінімді, PDF форматында сценарийлерді, авторлық шарт пен жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі, өтініш беруші мен сценарий немесе сценарий жоспарының авторы арасындағы алдын ала шартты жіберуі қажет. Өтініш беруші фильмнің әр түрі, ойын фильмі, анимациялық фильм, деректі-хроникалы фильмдер бойын­ша тек екі сценарий ұсына алады. Құжаттар 5 наурыз бен 13 наурызға дейін қабылданады.

«Біздің мақсатымыз – ашық әрі әділ байқау өткізу. Алдағы уақытта іріктеуге қатысты ақпараттар министрліктің және орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желі аккаунттарында тұрақты жарияланады. Конкурстық іріктеуге қатысты сауалдарыңыз болса, Кино орталығы жанынан кеңес беру қызметі ашылғанын хабарлаймыз. Бұған дейін осы жылғы киножобалар конкурсына арналған басым тақырыптар тізімі жарияланған болатын. Киногерлер тұшымды дүние дайындап, көрерменге сапалы дүние ұсынуға күш салады деп сенеміз», деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Айта кетейік, конкурстық іріктеуге қатысу құқығына ие болу үшін үміткерлердің салық берешегінің болмауы, банкроттық рәсімге тартылмауы маңызды.