Эндаумент қорлар туралы заң жобасы талқыланды

Жаршы

Жақын арада елімізде 5 эндаумент қоры құрылуы мүмкін, деп хабарлайды 24KZ. Оның капиталы 50 млрд теңге болады деген болжам бар. Қазір Парламент Мәжілісінің қарауында « Мақсатты капитал қорлары туралы» заң жобасы қаралып жатыр.

Осы заңнама қабылданғаннан кейін эндаумент қорлар жұмысын бастайды. Бұл туралы Алматыда өткен зерттеу-сараптамалық жиын барысында айтылды. Басқосуға мемлекеттік органдардың, сондай-ақ отандық және шетелдік қаржы институттарының өкілдері қатысты. Эндаумент қоры инвестициялық құрылымның және коммерциялық емес қайырымдылық ұйымдардың қызметін біріктіреді. Шетелде мұндай қорлар әлеуметтік саланы қаржыландырады. Әсіресе білім беру мен денсаулық сақтау саласына назар аударады. Эндаумент қорының басты ерекшелігі заңды және жеке тұлғалардан түскен қаражат бірден жұмсалып кетпейді. Ол ақша инвестицияға салынады. Ал әлеуметтік бағдарламалар тек инвестициялық табыс есебінен қаржыландырылады. Жаңа заң қабылданса, жеке коммерциялық ұйымдар елдің әлеуметтік саласын дамытуға үлес қосуға мүмкіндік алады.

Елжан Үсібәлі, сарапшы:

- Заң жобасы негізі өте керек. Неге? Өйткені оны пайдаланушы тек қана біз, эндаумент қорлары, емеспіз. Оны пайдаланушы – ең аяғында ол біздің халық. Халық дегенде: институтта оқитын оқышулар, студенттер, больницадағы пациенттер, емделіп жатқан кісілер. Театрға барып, спектакль көретін кісілер деген сияқты. Сондықтан институт, эндаумент қорлары деген ол өте маңызды.