Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Райымбек Иемберді кәсіпкерлерге берілетін грант үшін 370 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. "Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі" тізіліміне енгендер мемлекеттік грант алуға құқылы. Бұл туралы Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі" тізіліміне төрт санат бойынша дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ғана тіркеле алады. Мәселен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдардың кемінде екеуін жұмысқа қабылдағандар, аталған санатқа кіретін тұлғалар өндірген өнімді немесе қызметінің іске асуына ықпал еткендер мен қызмет түрлеріне байланысты жұмыс жасап отырғандар тізімге еніп, мемлекеттік грант алуға үміткер бола алады.
"Дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тізілімге енгізуге арналған өтініштер күнтізбелік тоқсанның алдындағы айдың 1-нен 15-не дейінгі аралықта (1-15 наурыз — ред.ескертпесі) қабылданады", — деді спикер.
Айта кетейік, мемлекеттік грантқа құжат қабылдау Kezekte.kz электрондық порталы арқылы іске асырылады, қаражат көлемі - 5 млн теңге.
Былтыр 24 өтінім қабылданып, 74,6 млн теңгеге 15 жоба қаржыландырылды. Биыл грант сомасы айтарлықтай өскен, жалпы сомасы 370 млн теңге.