Айша бибі кесенесінің алдында сауда жасауға болмайды

Жаршы

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Саудагерлер соттан жеңілді. Жамбылдағы Айша бибі кесенесінің алдында сауда жасайтын ауыл тұрғындары мемлекетік мекеме нысанын босатуға міндеттелді.

Алайда сот үкімінің шыққанына екі айдан асса да кәсіпкерлер кесене алдынан кеткісі жоқ. Өйткені тарихи нысанның алдын табыс көзіне балайды. Ал ғимарат «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығына тиесілі. Әшекей бұйым сататындар осындағы орындары үшін 13 жыл бойы ай сайын 20 мың теңге төлеп келдік дейді. Тек соңғы 2 жылдан бері тегін тұрады. Өйткені сол уақытта тағайындалған жаңа басшы тарихи нысан алдында сауда жасауға тыйым салған.

Сандуғаш Сұлтанбекова, саудагер:

Ләжі болса, осы жерде қалсақ дейміз. Бірақ енді мынау жақын жерден орын берсе, сол жерден өзіміздің кәсібімізді кішкене айналдырсақ, басқа істейтін жұмысымыз жоқ біздің, басқа жұмыс істей алмаймыз, басқа жұмысқа алмайды да бізді.

Мекеме басшылығы саудагерлер мәдени нысанды өз бетінше меншіктеп алды дейді. Сондықтан босату туралы екі жыл бойы ескертіпті. Кәсіпкерлер көнбеген соң 8 ай бұрын сотқа жүгінген. Енді іске сот орындаушылар араласпақ.

Сара Құрманова, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы:

Жамбыл облыстық сотта қаралып, апелляциялық шағымда да Жамбыл аудандық сотының шешімін өзгертусіз қалдырған. Бірақ сонда да бұл кісілер соттың шешімін орындаудан бас тартып отыр. Бұл кісілер өз еріктерімен сауда жасап, кезіндегі басшылық кезінде мүмкін рұқсат берілген шығар, сөйтіп сауда жасауға кіріскен. Бірақ ешқандай рұқсат қағаздары жоқ.

Данияр Әлімқұл