Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылын тағы нәжіс суы басты. Бүгін таңда кәріз қалдығы құйылатын тоған тасып, 20 шақты үйдің ауласын лас су батты. Салдарынан тұрғындардың бірі кәсібінен айырылса, енді бірі үйінің құлауынан үрейленіп отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Телеарна хабарлауынша, Ұзынағаш ауылының айналасына 40 шақты шұңқыр қазылған. Жергілікті билік әр үйден аққан нәжіс суын осы жерге төгеді. Сасық су жаз бойы жиналып, қыста қатады. Көктемде күн шыққан кезде еріп, сыртына қарай тасиды. Ауылдағы жылда қайталанатын мәселе де осы. Дәл ауылдың төбесінен қазылған құдықтағы су көшені жайлап, кейін үй-үйдің ауласына қарай кірген.
"Жарылған. Содан таңертең тоғызда үйге су келді. Цехтің ішінде жиһаздар тұрған, енді ол іске жарамайды. Жолдасым әскерилермен қоқысқа тастауға тиеп алып кетті. Біздің бастап жатқан кәсібіміз болған", — дейді тұрғындардың бірі Есенгүл Тілеу.
Тасыған нәжіс суының кесірінен бірі кәсібінен айырылса, өзгелері үйіміз құлап қала ма деп үрейленіп отыр. Ауыл халқының бұлай шырылдап жүргені алғаш рет емес. Шенеуніктерге жылда айтылатын шағым, бірақ, ешкім құлақ аспай отыр.
"Ұзынағаштиың бәрі осы иісті иіскейді. Көктем болды, Ұзынағаштың базарына сасық иіс бір-ақ барады. Дәретхана иісі. Былтыр мына жерде үш үңгір қазды. Көктемде қойлар түсіп кетсе, өледі. Оған кім жауап бермек? Адамға жауап бермей тұрған оларға бәрібір ғой", — дейді Есімхан Есепбайұлы.
Тұрғындар кәріз құдықтарын басқа жерге ауыстыруды сұрап отыр.
"Осыны басқа жерге ауыстырсын деп отырмыз. Былтыр 8 миллиард ақша келді деп айтқан. Содан кейін 3 миллиард ақша келді деді. 23 миллиардқа үш көлшік қазды. Енді сондай кезде құбыр салып, алысқа ағызып жіберуіне болады ғой! Толып, тасып жатқан нәжіс суымен қазір төтеншеліктер айналысып жатыр. Қаптарды қойып, бітейтін жерді бітеп, артық суды құрал-сайманмен сыртқа ағызып жатыр. Алдын алуға болмас па еді десек, "әкімдікке ескерткенбіз" дейді", — дейді Асылбек Мәуітхан.
Аталған жайтқа Алматы облысы ТЖД өкілдері пікір білдірді.
"Бізде, департаментте төтенше жағдайдың алдын алу деген басқарма бар. Сол қызметкерлер жергілікті атқарушы органдарға тиісті ақпаратты, қағаз жолдаған. Біздің міндетіміз — алдын ала айтып, жергілікті атқарушы органға тиісті жұмысты атқаруға ықпал ету. Ал олар, өздеріңіз көріп тұрғандай, айта алмаймын ғой, атқарып жатыр ма, жоқ па...", — дейді Алматы облысы ТЖД ТЖЖБ бастығының міндетін атқарушы Дархан Өмірәлиев.
Ал Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары болса, жоспарға сай 2027 жылға қарай жобаға өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін жеткізді.
"Қазір жобаларға кейбір өзгеріс енгізілуіне байланысты 2027 жылға қарай өзгеруі мүмкін. Өйткені сүзгі станциялары бар. Алаңдарды басқа жерге орналастыруға байланысты жобаға түзету жасалу күтілуде", — дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев.
Дереккөз: КТК телеарнасы