Торғай тағы да түлегелі тұр

Жаршы

Қасиетті ораза айында жер шоқтығы Бурабайда өткен Құрылтайдың кезекті отырысында Қазақстан халқын қуанышқа бөлейтін жағымды жаңалық елді елең еткізді. Бұл шынында, халықтың көңілін күпті қылып жүрген өзекті мәселенің бірі еді...

Осы Құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев талай жылдар қатып қалған тоңды жібітіп, тоқетерін бір-ақ айтты: «Торғай өңірі қазақ халқы үшін тарихи әрі рухани маңызы зор, қасиетті мекен. Бұл аймақ – ұлтымыздың ұлы перзенттері Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының туған жері ғана емес, ел руханияты мен мәдениеті­нің алтын бесігі. Алайда кейінгі жылдарда өңірге жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей, әсіресе қатынасы қиындап, тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер етті. Көлік инфрақұрылымының әлсіздігі Торғайды көптеген өңірлерден оқшаулатып, ел-жұрттың бір-бірімен араласуын қиындатып жіберді».

Өз басым сол өңірдің азаматы болғандықтан, Ырғыз – Торғай жерінің тарихын бір кісідей білемін деп айта аламын.

Торғай өзені сырттан келмейді. Бастауын Ұлытаудан алатын ұлы өзен келе-келе Ырғызға қосылып, ақыры Аралға жерастымен су аяғы құрдымға сіңіп кетеді... Бұл менің бала кезімнен құлағыма құйылып, жадымда қалған ертегідей әңгіме еді. Сол Аралды да қалпына келтіруге тынбай зерттеп жүрген зерттеушілер аз емес. Бір күні олардың да еңбегі жанып, ел кәдесіне жарар күндер де туар деп үміттенеміз. Өйткені қазір өлгеннің тіріліп, өшкеннің жанып жатқан заманы. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай құбылыстарға таңғалмайтын болдық. Қым-қуыт тарихында облысы төрт рет ашылып, төрт рет жабылған жұрттың не көрмеген құқайы бар? Соның бәріне төзе білген Торғай халқына ескерткіш орнатса артық болмас еді...

Бұл сөзді ең алғаш жазушылармен кездесуінде атақты ақын Жұбан Молдағалиев Колбиннің алдында айтқан:

– Мен жақында Торғайда болып қайттым (Сырбай Мәуленовтің мерейтойына бірге барған). Торғай сол баяғы революция орнаған қалпынан өзгермей, әлі тұр екен. Теміржол түгіл, тас жолы да жоқ, жүдеу қалпында күй кешіп жатыр...

Енді, міне, Тәуелсіздіктің арқасында «Торғайға тас жол тартылсын!» деген қуанышты хабардың куәсі болып отырмыз.

Мемлекет басшысы бұған қоса, бұрын дүрілдеген облыс болған Торғай облысының орталығы – Арқалық қаласына қайтадан көңіл бөлу қажеттілігін баса айтты. Тас жолдың сыртында әуе қатынасының әлеуетін арттыруға Арқалық қаласындағы әуежайын толық жөндеуден өткізіп, жаңадан теміржол бекетін салуды ұсынды. Бұл тасжолмен қатар болашақта теміржолдың кезек күтіп тұрғандығын еріксіз еске салады.

Жалпы, Мемлекет басшысының қазіргі қадамына халық дән риза.

Жақында ел Президентінің Құрылтайда көтерген Торғай мәселесіне байланысты Мәжіліс депутаты Берік Бисенғалиев «Egemen Qazaqstan» арқылы үн қосты (19.03.2025) Ол бұл мәселенің маңызын айта келіп: «Президенттің айтуынша, бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Президенттің Торғай өңіріне айрықша назар аударуы – әділдіктің, қамқорлықтың және ел игілігі үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмысының көрінісі» деп атап өткен.

Осылай еліне, жеріне жаны ашыған азаматтың лебізі Президент көтерген тұжырымдамалы ойдың мән-мағынасын арттырып, құндылығын күшейте түседі.

Мұндайда ақын көңіл шабыттанып, ел пейілін, арман-тілегін жеткізуге асығады:

Арылған жоқ бұлтынан аспан әлі,

Сол бұлттармен аралас жас тамады.

Қарлы боран, сары аяз араласқан,

Тәуелсіздік қаңтардан басталады.

Әкең сенің жан салған Алаш үшін,

Қазағымның тауы мен даласы үшін.

Өйткені сен әзелде майдан көрген,

Жауынгердің жанкешті баласысың.

Тұрсың қазір ұлтыңның дарасы боп,

Асқақтарсың халқыңа жанашыр боп.

«Ары таза, жаны адал һәм білімді,

Қаламгердің қастерлі баласы!» – деп.

Серік Тұрғынбекұлы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, драматург