t.me/olympickz
Софья әлем чемпионатын сәтті бастады. Дәл қазір АҚШ-тың Бостон қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекеде ел намысын Софья Самоделкина қорғап жатыр.
Ол қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша 13-ші сатыға тұрақтап, жарысты жалғастыруға, яғни еркін бағдарламада өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Әлем чемпионатының жалпы қорытындысы 29 наурызда белгілі болады.
Күрес түрлерінен Азия чемпионаты
Омар Сатаев – күміс жүлдегер. Иордания астанасы Амман қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күресі бойынша медальдар жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан қоржынында 2 күміс және 2 қола бар. Соңғы медальді 82 келідегі Омар Сатаев жеңіп алды. Ол іріктеу кезеңдерінде өте жақсы белдесіп, финалға шыққан болатын. Ақтық сында ирандық Мұхаммед Әзиз Нагхаусиден 3:1 есебімен жеңілді.
Айта кетейік, Омар осыдан 3 жыл бұрын Бахрейндегі жастар арасындағы Азия чемпионатында қола жүлде жеңіп алған еді. Енді, міне, ересектер арасында күміс жүлдегер атанды.
Омардан бөлек, аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов та күміске қол созды. Ал 77 келідегі Ибрагим Магомадов және 87 келідегі Шәміл Ожаев қола жүлдегер атанды. Осылайша Қазақстан құрамасы жалпы есепте 5-ші сатыға жайғасты. Топ басында Иран құрамасы болса, үздік үштікті Өзбекстан мен Жапония құрамалары түйіндеп тұр. Өкініштісі, қазақ балуандары биыл алтынсыз қалды. Бұл салыстырмалы түрде төмен нәтиже. Соңғы рет 6 жыл бұрын, яғни 2019 жылы Үндістанда өткен құрлық біріншілігінде Қазақстанның грек-рим күресі өкілдері осылай алтынсыз оралған болатын.
Қазақ қыздары әлемдік рейтингте топ бастады
Үш қазақ қызы Grand Winner атағына үміткер. Бұл Бүкіләлемдік каратэ федерациясының әр салмақтағы ең үздік спортшыға беретін арнайы сыйлығы. Жеңімпаздар жапон жекпе-жегі бойынша әлемдік премьер-лига кезеңдерінің қорытындысы бойынша анықталады. Былтыр дәл осы атақты отандық спорт тарихында алғаш рет Мөлдір Жаңбырбай жеңіп алған еді. 50 келіде өнер көрсететін қазақ қызы биыл да осы атағын сақтап қалуға үмітті. Яғни тағы да жыл үздігі атана алады. Бұған қоса биыл үміткерлер қатарына 61 келідегі Әсел Қанай мен +68 келідегі Софья Берульцева қосылды. Қазір рецтинг бойынша Мөлдір мен Әсел өз салмақтарында бірінші, ал Софья екінші орында тұр. Енді бірер айдан кейін Марокконың Рабат қаласында премьер-лиганың шешуші кезеңі өтеді. Сол жерде қазақ қыздары өз мықтылығын тағы да дәлелдеуі тиіс. Аталмыш жарыс қорытындысы бойынша сол жерде марапаттау рәсімі ұйымдастырылады.
Баскетболдан Қазақстан жоғарғы лигасы
«Жетісту» клубы топ басында. Алматы қаласында баскетболдан әйелдер арасындағы Қазақстан жоғарғы лигасының төртінші тур ойындары өтті. Оған Астана, Алматы, Атырау, Шымкент, Қарағанды және Талдықорғаннан келген 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде талдықорғандық «Жетісу» жалпы тізімнің бірінші сатысына жайғасты. Олар соңы матчта Астананың «Тайгерс» командасына есе жіберді. Десе де турнир тізіміндегі орнын сақтап қалды. Екінші орында жоғарыда айтқан елордалық «Тайгерс» болса, үздік үштікті Алматының «Томирис» командасы түйіндеп тұр. Қазақстан жоғарғы лигасының кезекті, яғни бесінші тур ойындары сәуірдің 17-сі күні басталады.
Айдана Ысқақова, «Томирис» баскетбол клубының директоры:
- Дәл қазір турнир кестесіндегі жағдайымыз жаман емес. Үздік үштіктің қатарында келеміз. Бұл небәрі екі маусым ішінде қол жеткізген үлкен жетістік. Келесі турда да біздің қыздар бар шеберліктерін көрсетіп, қола жүлдеге қол созамыз деген үміттеміз.