Спорт саласында кешенді реформалар жүзеге асырылады

Жаршы

Бұл туралы бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Брифинг Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыстың жалғасы болып табылады. Мемлекет басшысы спорт саласындағы заңнаманы жаңарту қажеттілігін, сондай-ақ чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін жағдай жасауға назар аудару керектігін атап өткен болатын.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спорт саласында кешенді реформаларды жүзеге асыру басталды. Министрлік «дене шынықтыру және спорт туралы» Заң жобасын әзірледі. Ол 2025 жылдың 29 қаңтарында Мәжілісте екінші оқылымда мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді.

Спорт федерацияларының жұмыстары бір жүйеге келтіріледі

С.Жарасбаевтың айтуына сүйенсек, қазіргі уақытта еліміздегі жергілікті, өңірлік және республикалық спорт федерациялары жеке субъектілер ретінде әрекет етеді және бір-біріне бағынбайды. Бұл жағдай спортты дамытудағы тәуелсіз саясат жүргізуге, мүдделер қақтығысына және жауапкершіліктің бұлыңғырлығына әкеп соғып жатыр, нәтижесінде спорттың дамуы баяулап отыр.

«Ұсынылып отырған жаңа модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (немесе өңірлік) спорт федерацияларына бағынышты болуын көздейді. Бұл өзгеріс спортты дамыту саласындағы басқаруды орталықтандыруды, тиімділікті арттыруды және жауапкершілікті айқындауды мақсат етеді», деді Спикер.

Спорт резервін даярлау мәселелеріне айтарлықтай өзгерістер енгізіледі

Спикердің айтуынша Заң жобасына сәйкес, спорт резерві тек жоғары жетістіктер спортының түрлері бойынша даярланатын болады. Спортшыларды даярлау уәкілетті орган бекітетін спорттық даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес қатаң түрде жүргізіліп, ұлттық құраманың әлеуетін арттыру және спорт саласындағы жүйелі даму үшін негіз болмақ.

«Сонымен қатар, кәсіби спортты мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға қатысты жаңа ережелер ұсынылады. Заң жобасы бойынша, кәсіби клубтарды ұстауға мемлекет тарапынан қаржыландыру лимиттері белгіленетін болады. Бұл шара бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттырып, спортты дамытуға бөлінген қаражаттың дұрыс пайдаланылуын қамтамасыз етеді», деді Серік Жарасбаев.