Таразда Ресейден келген интернет-алаяқ ұсталды

Жаршы

Таразға Ресейден келіп, алаяқтық қылмысын ұйымдастырмақ болған 24 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды 24kz.

Ол қалада қашықтан қоңырау шалу қондырғысын орнатпақ болған. Жалдамалы пәтерді тінту кезінде тергеушілер 128 SIM-картасы мен «SIM-box» құрылғысын тәркіледі. Желіге өзге елдің алаяқтары қосылып, бір күн жұмыс істеп үлгерген. Қазір осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Былтыр Жамбыл облысында интернет алаяқтығына қатысты 270 қылмыстық іс қозғалды. Оңай жолмен олжа табатындарға қарсы күрес шаралары облыстық прокуратураның алқа отырысында талқыланды.

Берік Төлеуов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Облыстық прокуратурамен ведомствоаралық комиссия құрылды. Қазір 224 күдікті сайт пен телефон нөмір бұғатталды. Былтыр қабылданған алдын алу шараларының арқасында бұл қылмыстарды ашу көрсеткіші 33% артты.