Қазақстан мен Еуроодақ энергетика және көлік саласындағы ынтымақтастықты нығайта түседі , деп хабарлайды 24kz.
Брюссельде өткен жыл сайынғы кездесуде тараптар мұнай мен газды өндіру және тасымалдау, сондай-ақ жасыл энергетиканы дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында делегаттар жүк тасымалына қатысты көлік бағыттарын да сөз етті. Сонымен қатар жасыл сутегі бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандумды және оны іске асырудың жол картасын талқылады. Келіссөздер нәтижесінде көлік инфрақұрылымы мен экологиялық жобаларға инвестицияларды ұлғайту жөнінде келісімдер жасалды. Келесі кездесу Астанада өтеді.
Ерлан Әккенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Жалпы жүк тасымалы туралы айтатын болсақ, Қытайдан Каспий арқылы Еуропаға жүк жеткізуде Қазақстаннның үлесі зор. Мұнай тасымалына келсек, мұнда жүк Ақтау портында танкерлерге тиеліп, Каспий теңізімен Әзербайжанның Баку портына жеткізіледі. Әрі қарай «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы тасымалданады. Осы тұста биыл біз 1,5 миллион тонна мұнай тасымалдауды жоспарлап отырмыз. Кейін оны 2,2 миллион тоннаға дейін ұлғайтпақ ниеттеміз.
Сирил Луазель, Еурокомиссия энергетикалық платформасының халықаралық байланыстар бойынша маманы:
- Қазақстан – Еуроодақ үшін энергетикалық қауіпсіздік және экологиялық технологияларға көшу тұрғысынан маңызды және сенімді серіктес ел. Біз жасыл сутегі мен жаңартылатын электр энергиясын өндіру және зиянды шығарындыларды азайту бойынша жүзеге асырылып жатқан бірқатар бағдарлама мен жобаны қарастырдық. Жалпы Қазақстан – уран өндірісі бойынша әлемде көшбасшы мемлекет. Біз Қазақстандағы ядролық энергетиканы дамытуға қатысты референдум өткенін білеміз. Сондықтан осы саладағы қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастыққа дайынбыз.