Фитохимиялық заттарға, талшықтарға, D дәрумені мен лактобактерияларға бай тағамдар қуық асты безі қатерлі ісігінің дамуын тежеуі мүмкін. Бұл туралы Лондон императорлық колледжі ғалымдарының зерттеуінде айтылған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Газету.Ru-ға сілтеме жасап.
Қандай зерттеу жүргізілген?
Зерттеуге метастазсыз баяу дамып келе жатқан қуық асты безі обырына шалдыққан 212 ер адам қатысқан. Тәжірибе аясында еріктілердің жартысы фитохимиялық заттарға бай, концентрацияланған тамақ қоспасын тұтынған. Ол брокколи, куркума, анар, көк шай, органикалық зімбір тамыры және мүкжидектен алынған.
Еріктілердің екінші жартысы қосымша сүт бактерияларын, инулин (талшықтың түрі) және D дәруменін қабылдаған.
Зерттеу нәтижесі
Нәтижесінде қоспаларды бір мезгілде қолданғанда қуық асты безі қатерлі ісігінің даму жылдамдығы 42 пайызға баяулағаны анықталған. МРТ тексерісі де бес ер адамның ісігі кішірейгенін және көпшілігінде (92 пайызы) бірдей мөлшерде қалғанын көрсеткен.
Ғалымдар фитохимиялық заттар қатерлі ісікке әкеп соғуы мүмкін ДНҚ-ны зақымданудан қорғай отырып, ағзадағы антиоксидант белсенділігін арттыратынын айтты. Пробиотиктер (пайдалы бактериялар) фитохимиялық заттарды ағзаға оңай сіңетін бөлшектерге бөлуге көмектеседі, ал талшық ішек микробиомасына әсер ету арқылы иммунитетті күшейтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!