Ордабасы тауында мыңдаған адам Наурыз мейрамын ерекше атап өтті

Жаршы

«Құрсақ той», «Бесікке салу», «Тұсаукесер», «Ашамайға мінгізу». Ұлыстың ұлы күні Түркістан облысындағы үш жүздің басы қосылған қасиетті Ордабасы тауында Наурыз мейрамы кеңінен тойланып, ұлттық салт-дәстүр салтанат құрды. Тау баурайына қаз қатар киіз үйлер тігіліп, мыңдаған адам жиналды.

Ордабасы тауында 30-ға жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, 10 мыңға жуық адам жиналды. Боз түйеге мінген Қыдыр ата елге ақ батасын берді.

Күн мен түн теңеліп, табиғат ананың оянуы, таршіліктің жаңғырып, көктемнің келуі ерекше сахналық қойылымдар арқылы көпшілік назарына ұсынылды. Ақ кимешек киген ақ жаулықты аналар қонақтарға наурыз көже үлестірсе, апалар адыраспан жағып, ел мен жерді бәле-жаладан аластады.

Наурыз мейрамында қазақ халқының құда түсу, сырға салу, қыз ұзату, беташар, ерулік, төркіндеу сияқты 20-ға жуық тұрмыстық салт-дәстүрі көрсетілді.

Жазира Оразова, жігіттің жеңгесі:

- Жастар өздері бір-бірін қалағаннан кейін сырға салу рәсімі бұл жерде. Бала жақтан келіп, сырға салынып, үлкендерден бата алып, қызды «сырғалым», «үкілім» етіп, өз елімізге алып кетуге келіп тұрмыз.

Сонымен қатар ақ жаулықты әжелер күбі пісіп, келі түю, құрт жайып, таба нан жабу, диірмен тартып, киз басу, ұршық иіру сияқты бүгінде біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқан тұрмыстық дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, қыз-келіншектерге үлгі етті.

Нұргүл Сегізбаева, Бөріжар ауылының тұрғыны:

- Піскен айран дейді, оны қазанға ысытамыз. Сөйтіп, қалтаға құямыз. Ол суы сорғып, қоюланады. Содан құрт жасаймыз. Қазақтың ежелден келе жатқан ши деген болады. Сол шиге жайып жатқан құртымыз.

Ұлтуар Қоштай, Бөріжар ауылының тұрғыны:

- Бұл келі-келсап, бұрынғы ата-бабаларымыздың дәстүрінен жалғасып келе жатқан. Бұған жүгері, бидайды түйіп, оны желпіп, суға қайнатып, құрт қатып, наурыз көже жасаймыз.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын ордабасылықтар мен облыс тұрғындары табиғат аясында ерекше көңіл күймен қарсы алды.

Болатхан Сағындық, Ордабасы аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Ордабасы ауданында үш жүздің басы қосылған, үш мемлекет басшыларының басы біріккен жерде Наурыз мерекесі керемет ұйымдастырылып, өтіп жатыр. Наурыздан Наурызға аман-есен жете берейік, халқымызда ақ мол болсын, дендері сау болсын.

Мәдина Сабырханқызы, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Кең далада өте кермет Наурыз мерекесі өтіп жатыр. Күбі пісіу, май шайқау, қазақ халқының салт-дәстүрі кеңінен насихатталып жатыр.

Сонымен қатар арқан тарту, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар да жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.

Ілияс Тұрнияз, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

- Концерттік бағдарламалар барлығы ұлттық нақышта өтіп жатыр. Ұлттық тағамдар, ұлттық көрмелер, өзіміздің салт-дәстүрімізді насихаттау барысында барлық ғұрыптарды көрсеттік. Қазақи ойындар, спорт түрлері – барлығы өз деңгейінде жүріп жатыр.

Осылайша Ордабасы тауында өткен Наурыз думанды тамашалағандар керемет әсер алып, ерекше көңіл күймен тарқасты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш