Өзбекстанда танымал қытайлық Temu маркетплейсінің қызметін шектеу жоспарланып отыр. Бұған себеп – ел заңнамасының сақталмауы, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі .
Маркетплейстің жұмысы шектелетіні туралы Өзбекстан Республикасының Әлеуетті жобалар жөніндегі ұлттық агенттігінің өкілдері мәлімдеді. Бұл – крипто-активтер айналымы, капитал нарығы, сақтандыру, электронды коммерция және басқа да салаларды реттеу, лицензиялау және рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асырумен айналысатын мемлекеттік мекеме.
4 наурызда жарияланған агенттік хабарламасында 2024 жылғы 26 желтоқсанда Министрлер кабинеті "Өзбекстан Республикасында электрондық коммерция саласын одан әрі дамыту шаралары туралы" қаулы қабылдағаны айтылған. Қаулыға сәйкес, ел аумағында электрондық коммерциямен айналысу үшін компаниялар міндетті түрде заңды тұлға ретінде тіркелуге тиіс.
Бұл талап құжат жарияланған күннен бастап күшіне енді. Алайда Әлеуетті жобалар жөніндегі ұлттық агенттіктің электрондық коммерция басқармасының басшысы Камронбек Мұхаммадиевтің айтуынша, Temu өкілдері Өзбекстанда тіркеуден өтпеген және лицензия алуға өтініш бермеген.
Kapital.uz басылымының хабарлауынша, Temu жаңа нарықтарға агрессивті маркетинг және демпингтік бағалар арқылы белсенді түрде еніп жатыр.
"2024 жылы компания жарнама мен бағаны төмендетуге 4 млрд доллар бөлді, ал 2025 жылы бұл сома 10 млрд долларға дейін өсуі мүмкін", – делінген басылым материалында.
Бұдан бөлек, Kapital.uz Мухаммадиевтің сөзін келтіре отырып, Түркияда Temu-дың келуі жергілікті Trendyol маркетплейсінің позициясына айтарлықтай әсер еткенін, нәтижесінде қытайлық бәсекелестің ел аумағында бұғатталғанын хабарлады.
Өзбекстанның Ұлттық Әлеуетті жобалар агенттігі шетелдік маркетплейстердің жұмысын зерттегенін мәлімдеді. Нәтижесінде кейбір электронды сауда алаңдарының республика заңнамасының талаптарын сақтамайтыны анықталған.
Бұзушылықтар бірден бірнеше салада байқалған – бұл электронды коммерция, бөлшек сауда, жарнама, жеке деректерді қорғау, тұтынушылардың құқықтарын сақтау, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтар.
Атап айтқанда, Temu платформасына қатысты анықталған заңбұзушылықтар оның Өзбекстандағы қызметін шектеу туралы шешім қабылдауға негіз болған. Платформа 2025 жылдың 20 наурызында бұғатталуы мүмкін.
Мемлекеттік орган ел тұрғындарына Temu арқылы тауарларға тапсырыс беруді тоқтатуға, ал бұрын жасалған тапсырыстарды қайтарып, ақшаны қайтаруды сұрауға кеңес берді.
"Агенттік пен Салық комитеті азаматтарды қырағылық танытуға және Өзбекстан аумағында қызметін ресми түрде локализацияламаған немесе Салық комитетінің елдегі электронды қызмет көрсететін шетелдік компаниялар тізіміне тіркелмеген электронды сауда платформаларының қызметтерін пайдаланбауға шақырады. Сондай-ақ сақтық шараларын ұстанып, өздерінің жеке және басқа да деректерін мұндай субъектілерге бермеу қажеттігін ескертеді", – деп түйіндеді Ұлттық Әлеуетті жобалар агенттігінің өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Temu маркетплейсіне Еуропада бақылау күшейтілгені хабарланған болатын. Сондай-ақ сарапшылар Temu платформасындағы пайдаланушылардың деректерінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдірген еді.