Өнер тұлғасы

Жаршы

Маңғыстауда өңірдің мақамы бөлек жырын, әуені өзге әні мен күмбірі ерен күйін тумысынан бойына сіңіріп туып, есін біле қоңыр домбыраны серік етіп, сахнаның саңлағы және сәні атанып кететін өнердің өз адамдары бар. Айрықша өнерді нәсіп еткен өлкеге табиғат оның марқасқа өкілдерін де сыйлайтын тәрізді.

Олар тылсымнан мойнына жүктелген аманат-парызды қалтқысыз түсініп, мінсіз атқарып, шәкірт тәрбиелеп, кешеден келген, бүгін өзі ұстаған өнерді шәкірттері арқылы келешекке жалғайды. Өнердің ауыр жүгін арқалаған мүйізі қарағайдай азаматтар арасында бүрме көйлегі мен оюлы қамзолы көзге ұрып, сырғасы мен шолпысы сыңғырлап, Маңғыстаудың алтын шуағына маңдайын сүйгізіп, ерке самалына шашын сипатып, көк теңіз жағасында күлімдей өнер көрігін қыздырып жүрген қыздардың бірі – домбырашы, күйші, әнші Рухия Батыршиева.

Маңғыстау облысы Түпқара­ған ауданы Форт-Шевченко қала­сында көпбалалы отбасын­да дүниеге келген Рухия орта мектепті бітірген соң Форт-Шев­ченко қалалық мәдениет және білім бөлімдерінде қызмет атқар­ды. Мәдениет үйі жанынан құ­рылған ұлт-аспаптар оркестрінің белді мүшесі және «Ақбөбек» арулар ансамблінде жетекшілік қызметте жүріп облыстық комсомол комитетінің жолдамасымен Болгария елінің төрт қала­сында гастрольдік сапармен халықаралық фестивальға қа­ты­сып бас жүлде алып қайт­ты. Жеңіс қанаттандырған әрі өзінің тағдыры өнермен қабыса өрілетінін түсінген Рухия Алма­тыда қазіргі Ж.Елебеков атын­дағы өнер коледжінде профессор Құбыш Мұхитовтың класында домбыра аспабы бойынша білім ала жүріп, қосымша Қазақстанның Халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтен дәстүрлі ән-терме бойынша сабақ алды. Өнерді сүйген қыз мұны­мен тоқтап қалған жоқ, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияда оқи жүріп, Академиялық Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің әртісі болып қызмет атқарды. Туған жерге кәсіби жоғары білімді маман болып оралған ол еңбек жолын Форт-Шевченко қаласы Мұрын жырау саз мектебінің директоры қызметінен бастады. Осы кезден бастап Рухия Махмұтқызы ұлттық өнерді насихаттау, жас өнерпаздарды тәрбиелеу ісінен ауытқып көрген жоқ. Ақтау қаласы өнер мектебінде бөлім меңгерушісі, Абыл Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебінің директор қызметін жасай жүріп, 1992 жылы Маңғыстау облыстық филармониясы жанынан құрылған «Ақжарма» фоль­клорлық ансамблінің мүшесі және жеке орындаушысы, А.Тарақұлы атындағы ұлт асапаптар оркестрінде әртістік қызметін атқарды. Кейін аталған филармония директоры, сосын А.Тарақұлы атындағы қазақ балалар өнер мектебі директоры қызметін атқарды. Тек ұстаз ретінде еңбек етіп қоймай, қазақ өнерін дамыту жолында ерлермен бірге талай мәселе көтерді, талап етті, нәтижеге жетті. Ұлт өнерінің болашағы үшін Ақтау қаласынан қазақ балалар өнер мектебін ашу, ол мектепке Абыл Тарақұлының есімін берудің басы-қасында талай табалдырықты тоздырып, талай есікті қағып барғандардың бірі осы Рухия апамыз.

2018 жылы зейнетке шық­қанмен ұлағатты ұстаздық жұмы­с­ынан қол үзген жоқ, дәулескер домбырашы, тәжірибелі ұстаз­дың жас өскінге берер рухани азығы мол екендігін білген басшылар қызметте қалдырды. Қазақстанның оқу ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ақтау қаласының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Рухия Махмұтқызының шәкірттері бүгінде еліміздің әр түкпірінде өнер сапында жүр, колледж, консерватория бітіріп, кәсіби маман ретінде өнер ордаларында жұмыс істеп, оқу орындарында шәкірттерге білім беріп жүргендері қаншама? Ұстаз мұраты, өнер сабақтастығы де­ген осы болса керек. Бұл тұрғы­­дан келгенде Рухия өзіне таби­ғат­тан берілген аманат-парызды орындады деп білеміз. Шәкіртінің бірі – дәстүрлі әнші, домбырашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сый­лығы­ның лауреаты, «Құрмет» орде­нінің иегері, Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің профессоры, мәде­ниет саласындағы Прези­дент стипендиясының иегері Айгүл Қосанова. Рухия Айгүл шәкіртін мақтанышпен айтып жүреді.

Жаны жайсаң, қарапайым, әрдайым күлімдеп, жан-жағына жылу шашып жүретін әнші, домбырашы Рухия – отбасында аяулы ана, асыл әже. Ұлы Ба­қытжан мұнай саласында еңбек етсе, кіші ұлы Алмас өзі сияқ­ты қоңыр домбыраны құйқыл­жытқан дәулескер домбырашы, қаршадайынан күй додаларында топ жарған жүйрік, Ұлттық консерватория түлегі. Шаттығы шалқыған отбасында немерелерін қызықтап, қоғамда ұлттық өнерді насихаттап жүрген Рухия Махмұтқызы халыққа шы­ғармашылық әрі есептік кон­цертін беріп, көрерменге әсерлі де әдемі кеш сыйлайтыны сөзсіз.

Маңғыстау облысы