Ағаш біткен көктемде жайқалады

Жаршы

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық іс-шарасы жоспарланған. Оның ішінде көктемгі ағаш егу, көгалдандыру, тазалау жұмысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нақтылай айтсақ, қала мен ауыл көшелерін тазалауға 739 арнайы техника жұмылдырылып, 129 672 тұрғын белсенділік танытты. Нәтижесінде, 201 375 көшет отырғызылып, 2 709 тонна қоқыс шығарылды.

Жалпы, өңірде биыл 1,2 млн ағаш отырғызу, оның ішінде 631 түп ағашты көктем мезгілінде отырғызу жоспарланған. Ақпанның аяғында басталған жұмыс нәтижесінде отырғызылған 200 мыңнан астам ағаш су жүйесімен қамтамасыз етіліп, қоршау жасалды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжі­лісінде «TazaQazBot» ақпараттық жүйе­­­сіне түскен 1 527 өтінімнің 1 505-і­ орын­далғаны мәлім етілді. Биыл қо­ғамдық орындарда санитарлық талаптарды сақтамағандарға 4 487 хаттама толтырылған. Барлық аудан, қала әкімдіктері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың тиісті құжаттарына қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару мәселесі жөнінде толықтай өзгерістер енгізілген. Наурыз айында өткізілетін мерекелік бағдарламаларда тазалыққа, көгалдандыру жұмысына да ерекше мән беріледі. Мысалы, Сайрам ауданында «Жасыл желек» іс-шарасында 12 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылды. Облыстық табиғи ресурстар және таби­ғат пайдалануды реттеу басқармасы Сайрам ауданы бойынша бекіткен, ­2023–2025 жылдарға арналған елді ме­кен­дерді көгалдандырудың іс-шара жос­парына сәйкес, биыл көктемде 23 300 түп көшет отырғызу жоспарланған.

Облыста биылғы жоспарға сәй­кес, елді мекендерге 1 млн-нан астам көшет үлестіру көзделген. Бүгін­де 206 375 түп көшет аудан-қала әкімдіктеріне жөнелтілген. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиевтің мәлімдеуінше, өңірде 3 млн 472 мың гектарды құрайтын мемлекеттік орман қоры бар.

«Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында республика көлемінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, облыстың орман қоры жерлеріне 2021–2027 жылдары 110 мың гектарға 170 млн көшет егу жұмысына қатысты арнайы кешенді жос­пар бекітілген. Сол жоспарға сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында 79 мың гектар жерге 117 млн түп көшет егілді. 2025–2027 жылдары аралығында қалған 31 мың гектар жерге 53 млн түп көшет егу жұмысы толығымен жүргізіледі. Өткен жылы орман шаруашылығы меке­ме­­лерінде жалпы көлемі 343 гектарды құ­­райтын 24 орман тұқымбағында 30 млн-ға жуық көшет өсіріліп, 10 млн-нан астам көшет егілді», деді басқарма бас­шысы.

«Отырар орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесіндегі» тұқымбақта өсірілген көшеттер Түркістан, Арыс қалалары мен Отырар аудандарын көшетпен қамтып отыр. Он гектар алқапты алып жатқан Қоғам ауылындағы тұрақты тұқымбақта қарағаш, өрік, үйеңкі, шаған, жиде, қылқан жапырақты тағы басқа ағаш түрлері өсіріледі. Тұқымбақты дамыту мақсатында биыл гүлді, сирек кездесетін сәндік ағаштарды өсіру көзделіп отыр. Мекеме тұқымбағынан аудан, қала елді мекен­дерін көгалдандыру жұмыстарына өткен жылдың күз мезгілінде 117 820 түп ағаш-бұта көшеті босатылды. Сон­дай-ақ тұқымбақта тазалық шаралары қарқынды жүргізіліп келеді. «Таза Қазақ­стан» бағдарламасы аясында сенбі­ліктер ұйымдастырылып, орманшы­лар тұқымбақ аумағында ретсіз өскен шөптерді жұлып, қураған талдарды бұталап, ағаш түптерін әктеп жатыр. Жалпы, жыл сайын орманшылар тұқым­бақты тазалап, жасыл желектерді көк­тем-күз айларында босатуға дайындайды.

Түркістан облысы