Алматыда Наурызнама аясында 100-ден астам шара ұйымдастырылды

Жаршы

Алматыдағы Наурыз мейрамында көне мен жаңа үйлесім тапты, деп хабарлайды 24kz.

Ашық аспан астындағы концерттер мен спорттық ойындардан бөлек, инновациялық бағыттағы мерекелік шаралар көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Жалпы мегаполистегі Наурызнама аясында 100-ден астам шара ұйымдастырылды.

Қыстың қыспағынан мүлгіген табиғатқа жан бітіріп, жаңа өмір лебін әкеліп, айналаны құлпыртатын әз-Наурыз мейрамы әдеттегідей ерекше сән-салтанатпен өтті. «Алматы Наурыз құшағында» деп аталатын концертпен басталды. Сахнада әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі, Майра Мұхамедқызы, Жанар Айжанова, Өмірқұл Айниязов сияқты танымал өнер иелерімен қатар жас әншілер ән шырқады.

Әлима Сағиқызы, профессор:

- Мен бірнеше мәрте Еуропада болып, Наурыз тойын мейрамдағанын көріп жүрмін. Мен өте қуаныштымын, бақыттымын. Елім, жерім бақытты болсын. Жастар аман болсын. Қазақ елі жасасын, жалпы адамзат жасасын. Адамзаттың Шығыс тойы құтты болсын.

Серікжан Исағұлов, қала тұрғыны:

- Наурыз бұл ынтымақ мерекесі. Сондықтан бірлігіміз дами берсін. Әрқашан осындай бірліктің арқасында, Наурыздың арқасында, ынтымағымыздың арқасында өркендеп, өсе берейік.

Панфилов атындағы жаяу жүргіншілер көшесі заманауи технология мен мәдени кеңістікке айналды. Нағыз дәстүр мен жаңаның үйлесімі дерсіз. Кинетикалық туннельдегі ұлттық ою-өрнектер қонақтардың қимылына сай қозғалады. Ал мына мультимедиялық құрылғы арқылы өзіңізді ұлттық киімде көре аласыз. Гастрономиялық аймақтағы робот даяшылар, аспаздар мен баристалардың қызметі қонақтарды таңқалдырды.

Әйгерім Әмірхан, Nauryz Almaty Vibe шарасын ұйымдастыру алқасының мүшесі:

- Таңертеңнен бері қала тұрғындары робот пісірген бауырсақтан дәм татуда. Қазір цифрлық дәуір. Сондықтан біз жаңа технологияны дәстүрімізбен байланыстырғымыз келді.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Абай алаңында мәдени мұра мен заманауи технологияны біріктіретін Nauryz Fest фестивалі өтуде. Республика сарайының алдында ерекше безендірілген киіз үйлер тігілген. «Рухани мұра» киіз үйінде Абай, Жамбыл және Дина ойнаған музыкалық аспаптардың көшірмесі қойылған. Ал, «Алматыға саяхат» киіз үйінде қонақтар қаланың көрікті жерлерін виртуалды форматта тамашалай алады.

Кешке Астана алаңында танымал әншілердің қатысуымен Juldyzdy Almaty фестивалі өтеді. Ал ертең Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай 5000 адам Абай әндерін орындайды. Оған хор капелласының әртістері, музыкалық оқу орындарының студенттері және қала тұрғындары қатысады.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Радик Жакупов