Киелі шаһардағы көктемнің жарқын мерекесі

Жаршы

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі жер жаһанға көктем шуағын шашып, бейбітшілік пен берекенің, татулық пен жаңарудың бастауы болып келді. Табиғаттың оянуы мен жаңа жылдың басталуын білдіретін бұл мейрам қазақ халқы үшін қашанда қасиетті, ерекше мағынаға ие.

Бүгін, жаңару мен жақсылықтың белгісі болған Наурыз мейрамына орай, Түркістанның «Керуен сарай» кешенінде үлкен мерекелік шара ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарын керемет көңіл-күй сыйлады. Ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін, ата-бабамыздың асыл мұрасын жаңғыртатын бұл мейрам бірлік пен татулықтың символына айналды десек те болады.

түр

Мерекелік шараның ашылу салтанатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиналған жұртшылықты Наурыз мейрамымен құттықтап, бұл күннің халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Ұлыстың ұлы күні халқымызға құт-береке, молшылық әкелсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, ырысымыз ұзағынан болсын!», деді аймақ басшысы.

түр

Наурыз мейрамы – тек табиғаттың жаңаруымен ғана емес, адамның рухани жаңғыруымен де астасатын ерекше күн. Бұл күні ренжіскен жандар татуласып, бауырмалдық пен достық артады. Осы дәстүрді ұлықтаған шара барысында жиналған көпшілік бір-біріне ақ жарма тілектерін жаудырып, мерекенің сәнін келтірді.

түр

Күннің шуағындай жылылық пен қуанышқа толы бұл мереке ұлттық ойындармен, әсем ән мен көркем бимен айшықталды. Алаңға тігілген киіз үйлер қазақ халқының тұрмыс-салтын айшықтап, әр үйдің төрінде қазақтың қасиетті дастарқаны жайылды. Қонақтар наурыз көже мен басқа да ұлттық тағамдардан дәм татып, ақ жаулықты аналардан бата алды.

Мерекелік шара аясында қазақтың бай мәдениетін танытатын түрлі бағдарламалар ұйымдастырылды. Сонымен қатар алаңдағы жиналған жұрт домбыра үніне қосылып, халық әндерін шырқап, қазақ халқының ұлттық болмысын айқындайтын салт-дәстүр көріністерін тамашалады.

түр

Мерекенің басты нышаны – наурыз көже көпшілікке ұсынылып, мерекеге жиналғандар ырыс пен молшылықтың дәмін татты. Дастарқан басында ақсақалдар мен ел ағалары бата беріп, халқымыздың “ырыс алды – ынтымақ” деген сөзін тағы бір дәлелдегендей болды.

түр

Қазақ халқы үшін Наурыз – тек көктем мерекесі ғана емес, бірлік пен мейірімнің, достық пен ізгіліктің символы. Бүгінгі шара да осы құндылықтарды дәріптеп, көпшіліктің жүрегіне жылулық ұялатты.