Астана қаласының Мемлекеттік архивінің архив материалдарында елордамыздағы алғашқы рет Наурыз мейрамын тойлау туралы бірегей құнды құжаттар сақталған, деп хабарлайды 24KZ. Дәлірек айтсақ, Целиноград қалалық мәдениет бөлімінің есептері. Иә, бұл құжаттарда сол кездегі ұлттық мерекені атап өту деңгейі мен сипаты толық көрсетілген.
Наурыз мейрамы Кеңес өкіметі тұсында алғаш рет мемлекеттік мереке ретінде 1920 жылы 22 наурыздан бастап Түркістан Республикасына қарасты қала, уезд, ауылдарда тойланады. Мұны 1927 жылғы 16 наурызда мерекені өткізу туралы ресми хаттама растайды.
Айгүл Ермекова, геральдикалық зерттеу орталығының бас маманы:
- 1927 жылы 16 наурызда осы жерде жаңағы Ақмола уездік атқару комитеті осы Наурызды тойлаудағы бағдарламасы олардың сол суреттері, сол 27 жылы тойлап тұр ғой. Содан кейін қалып қойған. Соған мен көріп, таңғалып жатырмын. Ал енді 1990 жылы осы жерде ақындар айтысы өткізілген екен. Осы қалада. Енді біздер Солтүстік болғанымен де, жаңағыдай Наурызға байланысты жергілікті халық осы Наурыз мейрамын ұмытпай, өздерінше тойлап отырған.
Кеңес өкіметі әу баста бұл мерекеге назар аудармағанымен, 1920 жылы ескіліктің нышаны, діни мейрам деп тоқтатқызады. Одан кейін Наурызды қазақ елі тек 1988 жылдан бастап тойлай бастайды. Мерекеге орай ұйымдастырылған бірінші халықтық серуен Алматы қаласы мен Алматы облысында болған. Одан кейін басқа аймақтарда, соның ішінде Целиноград облысында кеңінен тойланған. Оны қазірге дейін сақталған арфив құжаттары мен фотосуреттер айғақтайды.
Жангелді Бимолдин, Астана қаласының Мемлекеттік архив директоры:
- Ол құжаттардан сол кездегі халықтың мейрамға деген сағынышын көре аламыз құжаттар арқылы. Өйткені көп жыл тойланбай келген Наурызды кейбіреуіне бейтаныс боп көрінсе, кейбіреуі қызығушылықпен қараған, ал кейбіреуі шын мәнінде үзіліп қалған дәстүрді қайта жалғастырғанын зор қуаныш, құрметпен қарсы алғанын көре аламыз.
Архив деректерін көре отырып, алғашқы Наурыздың өту деңгейінен де хабардар боламыз. Қанша қаржы жұмсалып, қандай ойын мен өнер түрлері көрсетілуі тиіс, барлығы құжаттарда ресми тіркелген.
Жангелді Бимолдин, Астана қаласының Мемлекеттік архив директоры:
- 1989 жылғы алғашқы тойлау деңгейі алғаш рет тойланып отырғаннан кейін үлкен ауқымды болмаған құжаттар арқылы көретініміз. Тек қана белгілі бір жерлерде, яғни қазіргі Жастар сарайының алдында, одан кейін қазіргі Еркеғали Рахмадиев атындағы филормония залында өткен Наурызды ғана көре аламыз. Өйткені оған дейін тойланбай келген Наурыздың жалпы сипатын, мән-мағынасын ол кездегі қала басшылығы толық түсіне алмаған шығар деген осы құжаттарға қарап, ой айтуға болады.
Иә, Наурыз қазақ жерінде сан ғасырдан бері тойланып, ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатса да, Кеңес өкіметі бұл мерекені тойлауға үзілді кесілді тыйым салады. Дегенмен қазақ жерінде 60 жыл ұмыт болған Наурыз 1988 жылы қайта жаңғырды.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Ербол Дайыров