«Қосылғанның – қолы ұзын, қос керуеннің – жолы ұзын» дейді халық тәмсілі. Қазақ елі аумалы-төкпелі заманда тағдыр талайымен жүздеген диаспорамен керуенінің соқпағын түйістірді. Бұл көш түйісіп қана қоймай, әділет жолына ынтымақтаса бірігіп, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнату үшін бір бақыт – бір бағытқа бет алды. Әділетті ту еткен әділ елдің бұл сапарының ұзақ болмағы – баршаға ортақ мақсат.
21 наурыз – Ынтымақ күні. Осы күннің қарсаңында Астана қаласындағы Достық үйіне жол тарттық. Астана қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі елордадағы түрлі этностардың басын қосып, Наурыз мерекесін тойламақ екен. Наурызды ғана емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Наурызнама» тұжырымдамасының Ынтымақ күнін атап өтеді.
Бірлік пен ынтымақтың алтын ұясына айналған Достық үйінің алды – қарақұрым халық. Ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тізіліп тұр. Алаңқайға тігілген алтыбақан әуелеген әнге үндесе тербеледі. Бүрмелі көйлек, ойлы камзол киіп, алтыбақан тепкен қыздардың сыңғыр күлкісі құлақты қытықтайды. Боз кілемнің үстінде күш сынасқан балуандарды қиқулап қолдаған жұрт шу-шу етеді. Қол мергендігіне үміт артқан балалар асық ойнап, асыр салады. Аздың азаншысы емес, көптің қазаншысы болуды қалайтын қазақтың ұлттық киімін киген түрлі этнос өкілдері ерсілі-қарсылы қыдырыстап жүр. Жүздерінде – шаттық, езулерінде – күлкі.
Біз алдымен Башқұртстанда дүниеге келіп, қырық жылдан аса уақыт қазақ жерінде тұрып жатқан башқұрт қызы Гүзәл Сүлейменовамен тілдестік. Ол: «Наурыз мейрамы – достықтың мерекесі. Біз жыл сайын Наурызды асыға күтеміз. Осы күні Астана қаласында тұратын түрлі этнос өкілдері бас қосып, бір-бірімізді құттықтаймыз. Бұл күнді қазақ, башқұрт, өзбек, ұйғыр секілді түркі халықтары ғана емес, неміс, украин, кәрістерге дейін тойлайды. Себебі біз осы күні наурызкөже, бауырсақ пісіріп, өзімізді қазақ сезінеміз», деп ағынан жарылды.
Астана қаласындағы өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов болса, Наурыз мерекесін Қазақстан халқы Ассамблеясына қарайтын этно-мәдени бірлестіктер 30 жылдан бері тойлап келе жатқанын, Президенттің бастамасымен «Наурызнама» тұжырымдамасы бекітіліп, 10 күннің бірі Ынтымақ күні деп танылғаннан кейін бұл мейрамның мәні тіпті артқанын тілге тиек етті.
«Біздің мемлекетіміз осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, түрлі этностың басын қосып, бәрімізді бір шаңырақтың астына жиды. Меніңше, ынтымақ пен бірліктің іргетасы ортақ құндылықтар қалыптасқанда ғана берік болады. Сондықтан да Президенттің бастамасымен Наурыздың бір күні ынтымаққа арналып, бұл мейрамның бірліктің мерекесіне айналғаны бізді қуантады. Ұлттар мен ұлыстар арасындағы сыйластықты күшейтіп, бір-бірімізге деген құрметімізді арттыратын мейрамның алдымызға қойған ұлы мақсатқа жетуге жол саларына сеніміміз мол», деді Ш.Пулатов.
Татар-башқұрт мәдени бірлестігінің жетекшісі Сергей Садықов Наурыз мерекесіне арналған киіз үйлерді елордадағы этно-мәдени орталықтар тіккенін айта келіп, бұл мейрамның басты ерекшелігі ұлттық өнер мен ұлттық ойындар екеніне тоқталды.
«Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгін арқан тарту, асық ату, күрес, гір көтеру секілді ұлттық ойындар өтіп жатыр. Қазақтың ұлттық ойындары бәріміз үшін қызық. Сонымен қатар бұл күні қазақтың әнін айтып, биін билеп бір жасап қаламыз», деді С.Садықов.
Тірлігінің тамырын бірлікке байлаған еліміз ынтымақтың бұзылмайтын қорған екенін азаттықты алған күні шын түйсінді. Тағдырдың жазуымен қазақ жерін паналаған түрлі этнос өкілдеріне тізесін батырмай, құшағын ашты. Шеттен келгенді шетқақпай жасап, жетім қозыдай жәутеңдетпей бауырына басты. Достық үйі алаңында өткен Наурыз мерекесіндегі аура сол саясаттың дұрыстығының айқын айғағы секілді көрінді.
Біздің білуімізше, Наурыз мерекесіне идеялық тұрғыда әр беретін Ынтымақ күні еліміздің әр аймағында дәл осылай тойланып жатыр һәм тойлана береді де.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қарашаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру», деген еді.
Ендеше, Наурызнаманың 10 күндігіндегі Ынтымақ күнін бабалар аманатына адал болып, бір келешекке нық қадам басуға ұйытқы болар мереке деп танитын күн туып келе жатыр.